Шымкенттегі тоқыма фабрикасы қолдауға зәру
Иә, сыбайлас жемқорлықтың зардабы елдің дамуын тежейді. Бұрын Қазақстанда дүркіреп тұрған Шымкенттегі тоқыма фабрикасы қиын кезеңді өткеріп жатыр.
Өндіріс қуаттылығы 40%-ке төмендеп, жұмысшылардың көбі уақытша еңбек демалысына жіберілген. Бұған өнімді өткізу нарығының жоқтығы себеп. Одан қалды фабрика ішкі нарықты да қамти алмай отыр. Оның себебі неде?
Бұл – жеңіл өнеркәсіп саласында толық өндірістік циклы бар тоқыма фабрикасы. Яғни, мақта талшығын өндіріп, оны шиттен бөлу және жіп иіру ісі жолға қойылған. Жылына 12 млн метр мата шығарып, оны қайта өңдеп келді. Бірақ кәсіпорын соңғы екі жылда түрлі қиындықтарға кезікті. Әлемдегі геосаяси жағдайға балйанысты экспорт тұралап, логистикалық кедергілер пайда болған. Ал жұмыс күшін азайтуға ішкі нарықта шетелдік тауарлардың үстемдік етуі себеп.
Бекет Тұрсынханов, тоқыма фабрикасының директоры:
- 40% істеп жатқан себебі жұмысшыларды жоғалтпау мәселесі болып тұр. Ешқайысын 1-2 ай шыдай тұр деп жұмыстан шығара тұрсам, уақытша олар басқа жерден жұмыс тауып кетіп қалуы ықтимал болғаннан кейін амал жоқтығынан бөліп-бөліп, аптаға, «сменге» бөліп, ауысыммен жұмыс істеткізіп отырмын.
Өндіріс басшысының сөзінше, мемлекеттік мекемелер жылына 25 млрд теңгеге қызметтік киім, төсек жабындыларын сатып алады. Ал квазимемлекеттік сектордың қажеттілігіне одан 4 есе көп қаражат жұмсалады. Бірақ конкурстық тапсырыстың талаптарын шикізатты шетелден таситын тігін цехтары да орындай алады. Сондықтан сатып алу саясатында отандық өнімнің үлесін 30%-тен 60%-ке көтеру қажет деп есептейді.
Бекет Тұрсынханов, тоқыма фабрикасының директоры:
- Мемлекеттік сатып алу немесе Қорғаныс министрлігінің сатып алу заңдарында ішкі өндірушілердің үлесі өте төмен. Басындағы шикізат өндіретін кәсіпорындар табыс таба алады және дайын өнім шығара алатын кәсіпорындар табыс табады. Ал ортадағы жіп иіру өндірісі, тоқу өндірісі, бояу өндірісін қосу үшін көп қажаратты талап етеді. Одан кейін маржасы 2-3% аспайды. Сондықтан оған инвесторлар көп қызыға бермейді. Дәлірек айтсақ, іштегі осы 3 «переделға» Үкімет көп көңіл аудару керек деймін.
Былтыр шымкенттік кәсіпкерлер 34 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда анағұрлым аз. Салаға талдау жасаған әкімдік өкілдері де бұл жағдайды сатып алу порталындағы сұраныспен байланыстырады. Сондықтан тиісті ведомство өкілдеріне жергілікті тауар өндірушілерді қолдау туралы ұсыныс хат жолдаған.
Бақыт Қалдыбеков, қалалық кәсіпкерлік және ИИД басқармасы бөлімінің басшысы:
- Біздің кәсіпорындарымыз көбісі тендерлерге мемлекеттік сатып алуға қатысады. Сөйтеді де бәрі жеңе бермейді. Қиындықтардың бірі жаңағыдай бір лотпен береді. Өнімдерін сатуда қиындықтар орын алып жатыр. Әкімдік тарапынан біз мейлінше қолдау көрсетіп жатырмыз. Осындай проблемалар анықталғаннан кейін біз тиісті органдарға отандық өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында қараша айында хат жолдағанбыз.
Сонымен қатар салада кадр тапшылығы да өзектілігін жойған жоқ. Өнеркәсіп саласына қарағанда ісмерлер мен тоқымашылардың табысы анағұрлым аз. Содан кәсіптік білім алған жастар фабрикада көп тұрақтай қоймайды. Осыған қатысты кәсіпкерлер палатасында еңбекақыны өсіру тетіктері пысықталып жатыр.
Бауыржан Бердалиев, кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары
- Бізге Шымкенттегі кәсіпорындардан ұсыныс келіп түсті айлыққа байланысты. Мысалы, айлықты, өзіңіз білесіз, «доходный налог», ИПН, әртүрлі әлеуметтік аударымдар, медициналық төлемдер бойынша төмендетуге ұсыныс беріп отыр. Жалпы жеңіл өнеркәсіпке қатысты. Сонда әртүрлі жанама салымдарды түсіру арқылы кәсіпкердің тарапынан жұмысшылардың нақты ақшасын көбейту мәселесін қарап отыр.
Аймақтың жеңіл өнеркәсіп саласында 2 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Олардың 80%-і – қыз-келіншектер. Бизнес иелері еңбек өнімділігін арттыру үшін тауарды өткізу нарығын қалыптастыру қажет деп санайды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.