Жер қойнауын пайдаланушыларды бақылау күшейтілді

Жер қойнауын пайдаланушыларды бақылау күшейтіледі. Олардың салық төлемі тексеріліп, кіріс көздері зерттеледі.

Ол үшін трансферттік баға белгілеу туралы Заңға түзетулер әзірленді. Былтыр атаулы сала өкілдері 10 трлн теңге көлемінде салық төлеген. Ал енді бақылау күшейсе, жыл сайын тағы 50 млрд-тан аса қаржы мемлекет қаржысына түсуі мүмкін. Елімізде атаулы сала бойынша 5 мыңнан аса компания бар. Бұл жайлы Мемлекеттік кірістер комитеті Мамандандырылған департаментінің директоры мәлімдеді.

Алибек Ибрайым, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Мамандандырылған департаментінің директоры:

- Жер қойнауын пайдаланушыларға Мемлекеттік кірістер комитетінің тарапынан ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі таңда 5 мыңнан аса жер қойнауын пайдаланушылар қадағаланып отыр. Олардың 200-і мұнай-газ секторы бойынша, тау-кен секторы бойынша – 1300. Жерасты сулары бойынша 2300, кең таралған пайдалы қазбалар бойынша 1300 тіркелген.