Түркістан облысында тары өңдеу цехы жұмыс істейді
Түркістан облысының Отырар ауданында сусымалы өнімді терең өңдейтін цех жұмыс істейді, деп хабарлайды 24KZ.
Мұнда тәулігіне 5,5 тонна тары өңделеді. Балтакөл ауылының тұрғыны өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 20 млн теңге несие алып, өз кәсібін ашқан. Шағын зауытта тарыны қалай өңдейді? Қанша адам жұмыспен қамтылған? Дайын өнімді қайда өткізеді?
Ерасыл Жүребек қазір осы цехты жүргізіп отыр. «Ауыл аманаты» жобасымен алған қаржыға мына ғимаратты салып, ішіне қондырғылар орнатқан. Мұнда тарыны өңдеп, жемі мен кебегін, талқаны мен тарысын бөлек алып, буып-түюге арналған станок, өндірістік желі, диірмен секілді барлық қажетті құрал-жабдықтары бар. Дайын өнімді бұған дейін 50 келілік қаппен саудалап келсе, енді 400 грамдық қалтаға салып, сауда сөрелеріне шығармақ.
Ерасыл Жүребек, цех басшысы:
- Тарыдан 14-15 түрлі өнім шығады. Оны кезең-кезеңімен шығаруды жоспарлап отырмыз. Дайын өнімді сауда сөрелеріне жеткізу үшін қаптап шығаратын аппарат алып келгенбіз. Қазіргі таңда дизайнер сол аппаратпен шығарады. Оны дистрибьюторлік компания алып кетеді. Барлығын біздің ауылдың балалары жасайды. Жетікізуі, сатып келуі бар. Дәл қазір келісі 370 теңгеден. Ары қарай жеткізуіне байланысты бағасы өседі.
Ауылдағы 10 отбасы осы цехқа тұрақты тары қуырып, жеткізеді. Мұнда 6 адам жұмыспен қамтылған. Олар тәулігіне 6 тоннаға жуық тары өндіреді. Балтакөл ауылының тұрғындары өткен жылы кооператив құрып, оның құрамына 80 отбасы кірген. Соның ішінде 43 азамат 221 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, кәсібін ашыпты.
Сейітхан Әбілов, Балтакөл ауылдық округінің әкімі:
- Бұның ішінде бір наубайханамыз бар. Қалған азаматтар тарысын егіп, оны қуыру, осы жерге жеткізіп берумен, одан бөлек, мал бордақылау бағыты тағы да. Бүгінгі таңда біз 450 бастай жылқы мен мүйізді ірі қара алдық. Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасына халқымыз риза. Өйткені төменгі пайызда беріліп жатқан қаражат. 43 азамат алды десек, олардың жан-жағында қанша адам жұмыспен қамтылып жатыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында жемісті жүзеге асып жатыр. Өткен жылы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге бөлінді. Оған өсімдік, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, тұрғындардың өз кәсібін ашу үшін 6 бағыт бойынша қаржыландыруға басымдылық берілді.
Берік Бекпінбетов, микроқаржы ұйымы басқарма төрағасының орынбасары:
- Биылғы 2024 жылға бұл бағдарламаға қайтадан қаражат бөлініп жатыр. Біздің облысымызға бөлінген қаржыға 6 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Мал шаруашылығы жалпы бөлінетін қаражаттың 50%-інен аспайды. Өсімдік шаруашылығы, оның ішінде жылыжай, тұт шаруашылығын биыл дамытуға көңіл бөлініп отыр. 6 бағытпен несие алу ауыл тұрғындарына өте тиімді.
Өткен жылы жоба аясында өңірдегі 64 ауылдық округте жаңадан 75 кооператив құрылды. Қаржыландырылған жобалар ішінде 40 кооператив ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықтауға бағытталды. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп отыр. Жыл қорытыныдысымен 3 256 жоба қаржыландырылып, 3 413 жаңа жұмыс орны ашылды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.