Қазақстанда 20 миллион қой бар
Елдегі қой саны 20 миллионға жуықтайды.
Оның ішінде 3 млн астамы асыл тұқымды. Негізінен еділбай, етті меринос, қазақтың биязы жүнді қойы сияқты тұқымдар өсіріледі.
Қой етіне шетелден сұраныс зор. Сондықтан Үкімет кейінгі жылдары саланың ауған жүгін түзеуге күш салып келеді.
Мәселен, былтыр 2026 жылға дейінгі жол картасы қабылданды. Бұл құжаттың аясында шаруашылықтар санын ұлғайту, жаңа экспорттық нарықтар ашу және дайын тауар циклін қалыптастыру көзделген. Былтыр шаруашылықты қолдауға 23 млрд теңге қарастырылды.
Мал тұқымын асылдандыру бойынша 5 түрлі субсидиялау тетігі қарастырылған. Сондай-ақ инвестициялық субсидиялау шеңберінде шаруалардың шығынының 25 пайызы өтеледі. Бұл субсидиялар бордақылау алаңдарын құруға, жүн дайындайтын цех жабдықтарын алуға және тері өңдейтін кәсіпорындарды ашуға беріледі. Былтыр 42 мың тоннаға жуық жүн мен 8 млн-нан астам тері өңделді. Ал қой етін консервілеуде Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр.
Қазақстандағы қой саны /2023 жыл/
Барлығы 19 725 254
Кәсіпорындарда – 1 242 677
Шаруа қожалықтарында – 10 148 270
Халықтың қолында – 8 334 307
Дидар Әбілдина, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің бас сарапшысы:
- Қазіргі уақытта консерві өндірісінің 62 пайызы Батыс Қазақстан облысында өндіріледі. 2023 жылы елімізде 6042 тонна ет консервісі өндірілген. 2022 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға төмендеген. Ол 2022 жылы 6420 тонна өндірілген. Ал ет-өсімдік консервілер өндірісі де өндіріледі. Ол 4,6 пайызға артып, 1537 тонна өндірілген.
Былтыр 7300 тоннадан астам қой еті экспортталды. Бұл тізімде Өзбекстан көш бастап тұр. 2023 жылы ала топылы ағайын 5400 тонна ет сатып алды. Бұдан кейін Біріккен Араб Әмірліктері тұр.
Қой етінің экспорты /2023 жыл/
Жалпы көлемі 7,3 мың тонна
Өзбекстан – 5,3 мың тонна
БАӘ – 1,3 мың тонна
Етінен бөлек қой тірілей де экспортталады. Бірақ 2020 жылдан бері саулық қой сыртқа шығарылмайды. Яғни экспорттауға тыйым салынды. Ал былтырдан бері еркек тоқтыны сатуға 120 мың квота берілді. Сөйтіп, былтыр Өзбекстан мен Қырғызстанға 19 мың тоқты жөнелтілді.
Импортқа келсек, былтыр шаруалар 500 қойды сырттан сатып алды. Оларды мал басын асылдандыру мақсатында әкелген. Басым бөлігі альпілік қой мен дорпер тұқымдары.
Десек те, қой шаруашылығына жайылым мен су тапшылығы тұсау болып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс атқарып жатыр.
- Дидар Әбілдина, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің бас сарапшысы:
Бүгінгі таңда қой шаруашылығымен айналысатын шаруашылық қожалықтарының ең негізгі мәселелерінің бірі – ол жайылымдық жерлердің тапшылығы. 2020-2023 жылдар аралығында 17,2 млн гектар жер жайылымға берілген. Бұдан басқан шалғайдағы жайылымдық жерлерді игеру мақсатында 2020-2023 жылдар аралығында құдықтар қазылған. 6,5 мың құдық қазылған. Сол құдық қазудың арқасында, су көздерімен қамтамасыздандырылды ғой. Сондықтан 1,7 млн қой шалғайдағы жайылымдарға шығарылған.
Қойды көбейту үшін жайылым керек. Әкімдіктердің мәліметіне сүйенсек, жайылым тапшылығы 9 млн гектарға жуықтайды. Әсіресе оңтүстік аймақтарда мәселе өткір тұр. Түркістан облысында 2 млн гектардан астам жайылым жетіспейді. Сондай-ақ бұл тізімде Алматы, Атырау мен Қызылорда облыстары тұр.
Жайылым тапшылығы /2023 жыл/
Республика 8,9 млн га
Түркістан облысы – 2,1 млн га
Алматы облысы – 1,7 млн га
Атырау облысы – 777 мың га
Қызылорда облысы – 455 мың га
Жалпы байтақ Сарыарқада жер жетеді. Одан қалды, солтүстікте көптеген ауыл елсіз жатқанын ескерсек, қой өсіруге мүмкіндік мол. Тек жайылымға құдық қазып, тоған тоқтатып, су жеткізіп берсе, болашақта қой шаруашылығы өркендейді деген үміт бар.