Биыл алтын қымбаттауы мүмкін
Елдегі алтын мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың сапасы стандартқа сай келмейді.
Себебі көбінің ұлттық таңбасы жоқ. Ал сынамалық таңбалаудан өтпеген бағалы металдың үлесі анағұрлым төмен болуы мүмкін. Техникалық реттеу және метрология комитеті зергерлік бұйымдарды жеткізушілердің 80%-і таңбалау шартын орындамағанын айтады.
Негізі биылдан бастап таңбалау мәселесі мықтап қолға алынбақ. Оған қоса зергерлік лига басшылығы талапты қатаңдатуды ұсынып отыр.
Биыл алтын қымбаттауы мүмкін
Биыл алтын мен күміс қымбаттауы мүмкін. Швейцариялық UBS банкі осындай болжам жасап отыр. Инвестициялық банктің бағалы металдары жөнінен стратегі Джони Тевеске сілтеме жасай отыра, АҚШ-тың CNBC арнасы 1-2 күн бұрын осындай хабар таратты. Сонымен алтынның унциясы 2 200 АҚШ долларына пара-пар болуы мүмкін деген тұспал бар. Стратегтің айтуынша, бұған Америкадағы федералды резервтің пайыздық мөлшерлемені төмендетуі әсер етпек. Доллардың әлсіреуі де осыған ықпалын тигізбей қоймайтыны анық.
Хош. Халықаралық нарықта алтынның қымбаттауы біздің экономикаға қалай әсер етеді? Жалпы қазақстандық алтын-валюта қорының қазіргі жағдайы қандай? Ұлттық Банкке осы екі сауалды жолдаған едік.
Жазбаша жауабы: «2023 жылдың қорытындысы бойынша елдің алтын-валюта резерві шамамен 36 млрд АҚШ долларын құрады. Резервтердің динамикасына әсер ететін басқа факторлар өзгермеген кезде алтынға баға белгілеудегі өсім елдің алтын-валюта резервінің ұлғаюына себеп болады. Өйткені резерв құрамындағы алтынның үлесі 50%-тен асады. Жалпы бағалы металл құнының өсуі алтын өндіру саласына да, онымен сабақтас секторларға да оң ықпал етеді».
Алтынның қымбаттауы жаһан экономикасы үшін қауіпті. Алдағы уақытта рецессияға ұшырауы мүмкін. Экономист сарапшы Мақсат Халықтың пікірі осыған саяды. Өйткені қор биржасында түсініксіз жағдай болса, инвесторлар сақтық шарасы ретінде алтынға көбірек ақша құя бастайды.
Мақсат Халық, экономист:
- Инвесторлар жайдан-жай алтынға ақша салмайды. Ал бұның Қазақстан экономикасына кері зияны болып та қалуы мүмкін, егер де әлемде қаржылық дағдарыс орын алса, онда біз де ішкі экономикалық-әлеуметтік жағдайымызды реттеп болған жоқпыз, осы мәселені шешеміз деп жаңа Үкімет енді ғана келіп отыр. Демек жаңа Үкіметтің мойнына тағы бір ауыр салмақ түседі деген сөз. Қаржылық дағдарысқа төтеп беру әлемдегі, сонымен екінші халықтың әл-ауқатын көтеру мәселелері туады.
Дей тұрғанмен алтын бағасы қымбаттаса, онда қордағы резервтің де құны өсетіні рас. Экономист Мақсат Халық бұл елдің әл-ауқатына оң әсерін тигізетінін айтады. Еліміз үшін ұтымды тұсы осы болмақ.
Алтын бұйымдардың сапасы күмәнді
Ия, ұлттық қорда ең жоғары сападағы алтын сақталатыны белгілі. Бірақ зергерлік дүкендердегі жағдай басқа. Мұндағы алтын бұйымдарының сапасы күмәнді. Елдегі 2 300-ден астам зергерлік бұйым өткізушісін тексерістен өткізген Техникалық реттеу және метрология комитеті осындай байламға келді. Себебі 80%-інде қазақстандық таңба белгісі жоқ.
Қуаныш Елікбаев, ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы:
- Қазақстандықтар 585 сынамасы бар алтын сақинаның құрамында 58,5% таза алтын бар деген үмітпен сатып алады. Бірақ іс жүзінде артық ақша төлеп, құрамында алтыны әлдеқайда аз бұйым алады. Көбінесе нарықта алтын бұйым орнына алтын жалатылған әшекейлер сатылады. Өйткені оларды алтыннан ажырату қиын. Осылайша, қазақстандықтардың құқығы бұзылып отыр.
Сонда алтынның парқын қалай білуге болады? Бұған қатысты бірқатар іс-шара қолға алынып жатыр. Биылғы шілдеден бастап әрбір зергерлік бұйымға «Барыс басының» символы бар сынамалық таңба қою міндеттеледі.
Осылайша, бұйымның тауарлық белгісі, өндіріс мекенжайы, атауы, сынамасы, салмағы сияқты біраз ақпаратқа қол жеткізуге болады. Бірақ сапасы төмен бұйымнан сақтануда таңбалаудың өзі аздық ететін көрінеді.
Қайсар Жұмағалиев, ҚР Зергерлер лигасының басшысы:
- Техникалық реттеу және метрология комитетінің талдауына сүйенсек, 80% сынама жасамағаны байқалады. Осы 80% өз бұйымдарын таңбаламайды да. Егер мұндай бұйымдарды мемлекет кірісіне тәркілеу арқылы әкімшілік жазаны күшейтпесе, онда құр таңбалаудан ұтарымыз аз. Сондықтан бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынамыз.
Елдегі талай түйткілдің түйінін бүгінде цифрландыру арқылы тарқатуға болады. Сол сияқты зергерлік саланы да цифрландыру жоспарда бар. Яғни, электронды сараптама актілері жасалып, цифрлық таңбалау жүйесімен байланыстыру көзделіп отыр.