Павлодардың тұрақтандыру қорында 14 мың тоннадан астам азық-түлік бар

Павлодардың тұрақтандыру қорында 12 түрлі азық-түлік жиынтығының 14 мың тоннадан астам қоры жасақталған.

Бұл бағаны қалыпты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Әдетте қыстың аяғына қарай кейбір көкөніс түрлеріне бағаның шарықтап кететіні ақиқат. Биыл бұл үрдіс байқалмайды. Әйтсе де кейбір өнім түрлеріне баға өскен.

Павлодар облысы көкөністен тек пияз бен қырыққабатты ғана оңтүстік өңірлерден сатып алады. Қалғаны жергілікті тауар өндірушілердің өнімі. Қазір қоймада 6,5 мың тонна картоп пен мың тоннадан аса сәбіз қоры сақтаулы. Күріштің 400, ұнның 1 мың 350 тоннасы қоймада тұр. Әлеуметтік маңызға ие азық түрлерінің тізіміне сондай-ақ қант, күнбағыс майы, тұз, жарма дақылдары мен жұмыртқа кіреді.

Айдар Теңізбаев, тұрақтандыру қоры директорының міндетін атқарушы:

- Тұрақтандыру қорының өнімдері облыс бойынша 263 сауда нысандарында сатылады. Шарт бойынша келісілген сауда үстемесі 10 проценттен аспауы тиіс. Өнім күнделікті босатылады. Жыл басынан бері 100,8 тонна азық-түлік сатылды.

Тұрғындардың пікіріне жүгінсек, азық-түлік бағасы біркелкі емес. Әсіресе қыс мезгілінде қияр мен қызанақтың құны шарықтап кетеді. Алайда көкөністің бұл түрлері әлеуметтік жиынтыққа кірмейді. Сондықтан еркін бағада сатылады.

БЛИЦ

- Барлық баға бірдей қаланың ішінде де, мынаның ішінде де.

- Здесь устраивает, других магазинах нет. Огурцы дорогие, хотя есть местные, помидоры дорогие

- Неге сонша қымбат, бәрі бізде сатылады. Өзі жалақы онсыз да аз адамдарда. Бәрі жеткізе алмайды. Үйтіп-бүйтіп бір-екеуден алады.

- Ну такая же цена, чуть пониже чем в городе, так что все нормально.

Облыс орталығында фермерлік базар жұмыс істейді. Онда тұрақтандыру қорынан босатылған әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің 19 түрі ұсынылған. 

Әйгерім Арынова, фермерлік базардың әкімшісі:

- Бұл жердегі барлық өнім әлеуметтік маңызға ие. Ол ұн, жұмыртқа, сүт, көкөністер мен жемістер. Қазіргі уақытта сәбіз -120, картоп - 85, пияз - 95 теңгеден қырыққабат - 115 теңгеден саудаланып жатыр. Сүт өнімдеріне тоқталсақ, 2,5 проценттік сүт - 315, айранның бір литрі 340 теңге тұрады. 

Бұдан бөлек аптасына бір рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Фермерлік базар ашылған бір жарым жыл ішінде 50-ден аса жәрмеңке ұйымдастырылған. Әр сенбі сайын үш ауданның тауар өндірушілері облыс орталығына келіп, өнімдерін делдалсыз сатады. Ал халыққа баға арзан болады.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков