Ақтауда зейнеткерлер жаңа мамандықты меңгере бастады

Олар жазға таман туристерге жол көрсетер экскурсия жетекшісі атанады.

Егде жастағылар «Күміс университет» жобасы аясында жергілікті жоғарғы оқу орнында білім алып жатыр. Қазірдің өзінде мекемеге жетпістен аса адам жазылып, жаңа саланы игеруге ниет білдірген.

85 жастағы Людмила Кулешова алғашқылардың бірі болып жаңа мамандықты меңгеруге кірісті. Оқуды тәмамдаған соң ол экскурсия жетекшісі атанады. Ұзақ жылдар бойы космостық байланыс станциясында, телеарнада еңбек еткен зейнеткер Маңғыстау өңіріндегі аудан-қалалардың барлығында болған.

Людмила Кулешова, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Оқу біздің білім көкжиегімізді, таным түсінігімізді кеңейтеді. Адам өмір бойы ізденіп оқу керек деп ойлаймын. Маған экскурсияға барған, табиғат сұлулығын тамашалаған ұнайды. Себебі біздің өңірдің өзіндік ерекшелігі бар.

Жобаның алғашқы курсы модульды жүйе негізінде оқытылады. Бағдарлама аясында ағылшын тілі және экскурсия жетекшісі мамандығы үйретіледі. Ал профессорлар мен ғылым кандидаттары аймақтың табиғи ерекшелігін түсіндіріп, киелі жерлер туралы мол мағлұмат береді.

Жұлдыз Низаматдинова, география ғылымының магистрі:

- Экскурсия жетекшісі жан-жақты болуы керек. Олар тарихты біліп ғана қоймай, географиялық ерекшелікті, киелі орындар туралы айтып бере алуы тиіс. Себебі олар елімізді шетелдіктерге таныстырады. Қазір университет пен облыстық туризм басқармасы мамандарды еңбек нарығына енгізу туралы өзара меморандум жасауды жоспарлап отыр.

Экскурсия жетекшісіне аймақта сұраныс бар. Себебі өңірге келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 325 мың адам Маңғыстауда болып мәдени құндылықтармен танысты. Саланы дамыту үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, 45 адам оқытылды.

Гүлсім Жариева, Маңғыстау облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Куәлік алып, жаңа мамандықты меңгергендердің арасында зейнеткерлер көп. Олардың өмірлік тәжірбиесі мол, өте білімді. Екі үш тілде еркін сөйлейді. Аймақ тарихын да жетік біледі. Сондықтан туристерді аймаққа көптеп тартуға олардың көмегі тиеді деп ойлаймын.

Үш айдан соң егде жастағы студенттер арнайы куәлігін алып, жұмыс істей бастайды. Оқу орнындағы келесі курс компьютерлік білімді жетілдіруге қазақ тілін үйретуге арналады.

Шыңғыс Қалиден, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев