Қазақстан мен Қатар әріптестігі нығайып келеді

Қатар – Қазақстанның Таяу Шығыстағы әріптесі.

Бүгінде екі елдің ұлттық компаниялары мен жеке секторлары арасындағы байланыс нығайып, маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Қазіргі Қатардың тынысы қандай, экономикасы қалай өсіп келеді?

Бибігүл Нысанбаева, тілші:

- Біз әлемдегі бай, ең дәулетті елдердің бірі Катарға келдік. Конституциялық монархия ел Дүниежүзілік банктің рейтингісіне қарай жалпы ішкі өнім көлемі бойынша әлемде төртінші орын, ал жан басына шаққандағы ұлттық табыс көлемі жағынан Қатар екінші тұр.

Бір кездері бұл жер інжу-маржан терушілер мен балықшылардың ауылы болған, қазір ірі саяси және экономикалық орталыққа айналып келеді. Қатарда соңғы жылдары құрылыс жоғары қарқын алып, сәулетті зәулім ғимараттар салынып, тіпті жасанды аралдар тұрғызылған.

Катар осыдан 53 жыл бұрын тәуелсіздігін алған. Парсы шығанағының Қатар түбегінде жатыр. Жерінің басым бөлігі – шөл. 3 миллион халқы бар. Негізгі байлығы – мұнай. Елдегі ұлттық табыстың 90%-ін қара алтын өнеркәсібі береді. Мемлекет табиғи газ қоры жөнінен әлемде үшінді орынды еншілесе, оны экспорттау бойынша да алғашқы үштікте. Мұсылман мемлекетінде мұнайдың қоры мол. Елде мұнай өңдеу, мұнай химия саласы, металлургия қарқынды дамыған. Алайда Қатар Әмірлігі экономиканы диферсификациялау саясатын ұстанады.

Абу Бакр Ноурейн, «Qatar National Enterprises» компаниясының бас директоры:

- Сырттан келгендер әдетте Қатарды газбен ғана байланыстырады. Бірақ қазір еліміз туризм, білім, медицина органикалық тағамдар нарығы, құрылыс, жылжымайтын мүлік, IT салаларына инвестиция салып, әртараптандырылған экономика ретінде белсенді дамып келеді және инвестициялық қаражатты өзге елдерге, өзге нарықтарға салу арқылы дамуды көздеп отырмыз.

Әмір Тамим ибн Хамад әл Тани елді 2 ғасырға жуық басқарып келе жатқан Әл Тәнилер әулетінен. Қатар жұрты ел дамуын Мемлекет басшысының прогрессивті шешімдеріне тікелей байланысты екенін айтады. 

Хамад Әл-Хаджри, «Snoonu» компаниясының бас директоры:

- Қатар қазірдің өзінде 3 маңызды кезеңнен өтті. Біріншісі – елдің кірісі мен жалпы ішкі өнімін арттыру. Одан кейін әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымды құру және инновациялық кезеңді енгізуді іске асырдық. Ендігі кезең – технология. Бұл болашағымыз үшін, экономикалық даму үшін маңыздылығына сенеміз.

Елдегі 3 миллион тұрғынның 12%-і ғана – Қатар халқы, 88%-і – Пәкістан, Иран, Үндістан, Филлипин, Бангладеш, Непал және Египет азаматтары. Жалпы 80-нен астам ұлт өкілі өмір сүреді. Қатар соңғы жылдары еңбек мигранттары құқықтарының бұзылуына қатысты жиі сынға ұшырап жүрсе де, мұнда қызмет етуге келуді қалайтындар көп. Айтқандай, Қатар – әлемдегі ең қауіпсіз он елдің бірі.

Хамад Әл-Хаджри, «Snoonu» компаниясының бас директоры:

- Біздің компанияда 80-ге жуық қазақстандық маман қызмет етеді. Бәрі де – мықты IT-мамандары. Қазақстанмен бірлесе отырып, инновациялық жобаны іске асырғымыз келіп отыр. Қатар дәл қазір қазір технологияны дамытуға небәрі 1,2% инвестиция салып отыр, бірақ 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 8%-ке жеткізуді жоспарладық. Қазақстанмен ынтымақтастығымыздың әлеуетіне сенімдімін және жақын болашақта серіктестігіміз кеңейе түсетініне сенімдімін.

Бибігүл Нысанбаева, тілші:

- 2030 жылға дейінгі Ұлттық бағдарламасына сай Қатар шетелдік инвесторлардың бар жағдайын жасап, елдің инфрақұрылымын кеңейте түсуді жоспарлайды. Осылайша, келер уақытта энергетикалық алпауыт елден  инвестициялық хабқа айналуға бейілді.

Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Тілеуіш.