8 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды

Елдегі құрылыс саласына бақылауды күшейту қажет.

Себебі жер-жерде салынып жатқан, құрылысы аяқталғалы тұрған үй, ғимараттарды қайта бұзатын жағдайлар көбейді. Иә, бұл құрылыс саласын басқарудағы тиімсіздіктің салдары екенін Президенттің өзі айтты.

Қаңтар айында жұмысына жауапсыз қараған 8 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды.

Құрылысты мемлекет қадағалауы тиіс

Елде күйіп тұрған тақырыптың бірі – тұрғын үй құрылысы. Айдың күні аманда көз алдында тұрғызылып жатқан баспанасының сүрілгені кімге ұнасын?! Халықтың жанайқайы Президентке де жетті. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы құрылыс саласын сынға алды. Басқарудағы олқылықтың салдарынан инвесторлардың қызығушылығы да кемуі мүмкін екенін айтты. «Мысалы, жобалардың құнын сметалық есептер арқылы анықтау әдістемесі әлемдік стандарттарға сай емес. Инвесторлар уақытын, қаражатын және жұмысқа деген құлшынысын жоғалтып, ақыры құрылысқа рұқсат беретін құжаттар көп талап етпейтін елдерге кетіп қалады», - деді Президент. Бұл орайда Үкіметке халықаралық тәжірибе негізінде жобалық-сметалық құжаттарды бекіту тәртібін барынша жеңілдетуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Өздеріңізге мәлім, мен осыдан 1,5 жыл бұрын әлемдегі озық тәжірибеге сай келетін Қала құрылысы туралы кодекс әзірлеуді тапсырдым. Бірақ менің атыма бірқатар сарапшы мен кәсіпкерлерден өтініштер келіп жатыр. Олардың айтып жатқан шағымдары мынадай: қазіргі кодекстің жобасы қойылған талапқа сай келмейді, бұрыннан бар нормалар ұсынылған, жаңа тәсілдер мен шешімдер жоқ. Сондықтан кодекстің жобасын қайтадан мұқият қарап, жетілдіру қажет.

Қазір құрылысқа сараптама жасау тетігін мемлекет иелігіне қайтару мәселесі күн тәртібінде тұр. Яғни, бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бірақ мемлекет нарықтағы монополиске айналмауға тиіс. Бүгінде үлескерлік құрылысқа қатысты проблема қордаланып тұр. Президент жаңадан жасақталған Үкіметке жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауды тапсырды.

 

Үй орнына мектеп салынады

Бұрын айнала үй салып, мектеп, балабақшаға орын қалмаған жайттар көп кездесетін. Қазір ел көлемінде құрылысты оңтайлы, пайдалы мақсатта жүргізуге көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Астанада тұрғын үй тұрғызылады деген 20-дан астам учаскеде әлеуметтік нысандар бой көтермек. Яғни, көпқабатты үйдің орнына мектептер, емханалар мен балабақшалар салынады. Кейінгі жылдары елордадағы халық саны қарқынмен өсіп келеді. Сондықтан онсыз да халық тығыз отырған жерге тағы да үй салған орынсыз болар еді.

«Қалада осындай 22 нысан бар. Олар бойынша көрші үйлердің тұрғындарының бастамашыл топтарымен және құрылыс ұйымдарының өкілдерімен белсенді жұмыс істейміз. Тұрғындардың пікірін ескере отырып, учаскелер әлеуметтік нысандарды салу үшін қолданылады. Мысалы, Есіл өзенінің жағасы, Косыгин көшесі ауданы бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізілді. Көппәтерлі тұрғын үй кешендері гүлзарға ауыстырылды. «Copenhagen» тұрғын үй кешені ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің орнына алаң салынады. «Nova city» тұрғын үй кешені ауданындағы үйдің жері білім беру орталығына, «Қалалық романс» тұрғын үй кешені ауданындағы үйдің жері мектеп пен балабақша құрылысына берілді», – Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі.

 

8 компания лицензиясымен қош айтысты

Сондай-ақ биылдан бастап Астанада инженерлік желі тартылмаған және бас жоспарға енгізілмеген құрылысқа рұқсат берілмейді. Әкімнің айтуынша, рұқсат құжаттарын түгендемей іске кірісіп кеткен компания «қара тізімге» енгізілмек.

Жалпы былтыр құрылысты сапасыз жүргізген және құжаттары талапқа сай келмеген 8 компания лицензиясымен қош айтысты. Сонымен қатар жұмысына салғырт қараған 46 ұйым мен 7 техникалық қадағалау мекемесі жауапқа тартылды.

Жер-жердегі сақалды құрылыс та халықтың мазасын қашырып тұр. Жергілікті атқарушы билік бұл мәселеге бел шеше кіріскендей. Жақында Астанада құрылысы 11 жылға созылған үй салынып бітті. Сөйтіп, 200-ге жуық отбасы қоныстойын тойлады. Жалпы бас қалада әлі осындай 10 үй бар. Бұл құрылыстарды жазға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Қоныстойы демекші, қаңтар айында 24 мыңнан астам үй сатылды. Бұл былтырғы жылдың қаңтарымен салыстырғанда 30%-ке артық. Тағы бір айта кетерлігі, жаңадан салынған үйлердің бағасы 3%-ке қымбаттаған. Ал бұрынғы тұрғызылған үйлер құны 4%-ке арзандады.

Лицензиясынан айырылған компаниялар

  1. «NAK development» ЖШС
  2. «БазисДоСтрой» ЖШС
  3. «КСМК-АФ» ЖШС
  4. «DBK-Engineering» ЖШС
  5. «Пропилон» ЖШС
  6. «ANA Astana» ЖШС
  7. «ППК» жобалау-құрылыс компаниясы» ЖШС
  8. «X-clusive Qurylyus Group» ЖШС