Қаңтарда елдегі экономикалық өсім 4% болды

Қазақстанның экономикалық өсімі 4 пайызға жетті.

Былтыр желтоқсанда бұл көрсеткіш  5 пайыздан асқан еді. Бұған дейін ішкі жалпы өнім биыл 5,3 пайызға өседі деген болжам жасалған еді. Жуырда бұл тұспал 6 пайыз деңгейіне көтерілді. Бірақ қаржыгерлер долбардың дәл шығуына күмәнмен қарайды.

5,2 трлн теңгенің құнды қағазы шығарылады 

2024 жылы 5 трлн 200 млрд теңгедегі құнды қағаз шығарылады.

Қаржы министрлігі биылға осындай жоспар құрып отыр. Сонымен қатар, әрқайсысының сомасы 1 млрд АҚШ долларына татитын 8 құнды қағаз шығару көзделген. Бұл туралы Ұлттық банктің макроэкономикалық көрсеткіштер жайлы тоқсандық есебінде айтылады. Министрлік құнды қағаздың мөлшерін еселеу арқылы инвестициялық тартымдылықты арттырмақ ниетте. Бұл да қаржы нарығын дамытудың амалы. Шетелдік инвесторлардың қалауын ескеру мақсатында құнды қағаздар енді сәрсенбі емес, бір күн бұрын, яғни сейсенбі күндері шығарылады.  

Былтыр құзырлы ведомство 5 трлн 400 млрд теңгенің құнды қағазын айналымға шығарған еді. Мұндағы инвесторлар салымы 61 пайызды құрады. Ал шетелдік инвестицияның жылдық үлесі 73 млрд теңгеге өсті.

120 инвестициялық виза берілді

Қытай және Оңтүстік Корея азаматтарының Қазақстанның инвестициялық визасына қызығушылығы артқан. Бұл туралы инвестиция тарту жөніндегі комитеті LS баспасына берген мәліметінен белгілі болды.  Былтыр 120 инвесторлық виза үлестірілген екен. Рұқсаттама құжатына көбіне шығыс елдерінен бөлек түркиялық іскерлер тапсырған. 2022 жылы таратылған 103 виза АҚШ, Қытай мен Түркия азаматтарына бұйырған. 

Инвестициялық виза алудың шарты қандай?

Негізі инвестициялық визаның екі түрі бар. Бір реттік виза 90 тәулікке берілсе, екіншісінің мерзімі 5 жылға жарамды. Оны бизнес ашқан, инвестиция құйған заңды тұлғалардың жетекшілері мен отбасы мүшелері ала алады.

Жалпы тіркелген қордың акциялары, паилары мен үлескерлікке, жалпы бизнес капиталына құйған қаржысы 60 мың доллардан кем болмауға тиіс.

Автоөнеркәсіпке 410 млрд теңге тартылды 

Инвестиция демекші, жергілікті және шетелдік инвесторлар ел экономикасына 410 млрд теңге құйып жатыр. Аталған қаржы Қазақстанда автокөлік өнеркәсібіне қажет компонент базасын құруға жұмсалмақ. Бұл жөнінде бүгін Астанада өткен халықаралық конференцияда мәлім болды. Оған автоөнеркәсіп саласының 90-ға жуық маманы қатысты. Мақсат – темір тұлпарға керек-жарақты өзімізден өндіріп, көлікті қолжетімді ету. Былтыр жеңіл және коммерциялық техника өндірісі 30% -ға ұлғайса, көлік саудасы 60%-дан аса өсім көрсеткен. Дегенмен ішкі нарықтағы сұранысты толық қанағаттандыру үшін әлі талай шаруа атқарылуға тиіс.  Алдағы екі жылда көлік құрастыру саласында 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Ким Джунг-Хун, Сауда және инвестиция жөніндегі Kotra агенттігі өкілдігінің директоры (Алматы):

- Менің ойымша Қазақстанның потенциялы жоғары. Біріншіден табиғи ресурсқа бай мемлекет. Көлік құрастыру өнеркәсібі үшін бұл аса маңызды. Корей компаниялары үшін Қазақстанмен серіктестік құрудың оңтайлы сәті келді деп білемін. Қазір тауар тасымалының ғаламдық тізбегі үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Автокөлік индустриясына да ықпалын тигізуде. Ал Қазақстан бүгінде Орталық Азия ғана емес, жалпы ТМД аумағында сауда хабы саналады.

Елдегі макроэкономикалық ахуалға қысқаша тоқталсақ. Қаңтар айында экономикалық өсім 4 пайызға дейін жетті. Атап айтқанда бәсеңдеу барлық салада байқалады. Жыл соңында Ұлттық қордан құйылған қаржының әсері көпке созылмаған сыңайлы. Осыған қарамастан, ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші биыл 6 пайызға дейін жақсарады деген оң болжам жасалып еді. Алайда Халық файнанс талдау орталықтарының сарапшылары долбардың дұрыс шықпауы мүмкін дегенді алға тартады. Ішкі және сыртқы сұраныста тұрақтылық байқалмайды, «сол себепті экономикалық секторлардың қарқынды өсіміне иек арту ерте» дейді талдау орталығының басшысы Асан Құрманбеков.

ЦИТАТА: Асан Құрманбеков, Halyk Finance талдау орталығының басшысы:

Экономиканың өсімін ынталандырушы фактордың тағы бірі – Ұлттық қордан қосымша қаржы құю. Бұл жайлы наурыз айында белгілі болуы мүмкін. Былтыр 5,3 трлн теңге тартылғанын ескерсек, экономикаға оң ықпалын тигізуі үшін оның сомасы бұдан да жоғары болуға тиіс. Алайда мұнай бағасының біршама тұрақтылығы мен мұнай өндірісінің, яғни ұлттық қорға мұнай доллары ағынына қатысты нақтылықтың жоқтығынан бұл амалдың іске асуы екіталай.