Франциядағы халықаралық көрмеде Қазақстан павильоны ашылды
Францияда ауыл шаруашылығы саласына арналған халықаралық көрме өтіп жатыр.
Ауқымды іс-шарадан қазақстандық делегация да қалыс қалмай, жеке павильонын ашты. Отандық агробизнес өкілдері Париж жұртына 100-ден аса өнім түрін ұсынды.
Парижде Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі өтіп жатыр. Ол агроөнеркәсіптің барлық саласын қамтиды. Келушілерге агросектордағы заманауи технологиялар таныстырылып, сапалы өнімдер ұсынылады, Саланың жетекші мамандары тәжірибе алмасады. 60 жылдық тарихы бар іс-шараға биыл қазақстан да қатысуда. Отандық агробизнес өкілдерінен құралған делегация көпшілікке өз стендін таныстырды.
Надия Сологуб, Франция парламентінің сенаторы:
- Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіндегі ұлттық павильонында Қазақстанда жасалған сапалы өнімдер ұсынылған. Олар көптің көңілінен шығатынына сенімдімін.
Ги Сидос, Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
- Бұл стенд қазақстандық компаниялардың француз нарығына шығуына жол ашады. Екінші жағынан француз компанияларының сіздердің елмен тереңірек танысуына мүмкіндік береді. Себебі азық-түлік өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін франциялық кәсіпорындар арасында Қазақстанға деген қызығушылық артып келеді. Мұны президент Макронның қазақ жеріне жасаған сапарынан байқауға болады. Өйткені делегация құрамында осы сектордың өкілі өте көп болды.
Француз қоғамын отандық өніммен таныстыруға Қазақстан елшілігі мен Сауда және интеграция министрлігі ұйытқы болды. Көрмеде елімізде шығарылған таза бал, қара уылдырық, мақсары майы мен шоколадтар қойылған. Бұдан бөлек павильонда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелеріне арналған өнімдер де бар.
Айнұр Нұрпейісова, қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары:
- Осы Парижде болып жатқан көрмеге біздің келуіміз өте маңызды. өйткені қазақстандық өнімдер яғни вакциналар мен диагностикумдерді алып келгенімізге бізге өте қуаныштымыз. қазір біздің мына жерде көріп тұрғандарыңыздай, биологиялық қауіпсіздік проблемаларының зерттеу институты мен қазақ ғылыми-ветеринарлық институтының өнімдерін алып келіп отырмыз.
Бірнеше ай бұрын екі ел басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон көптеген бағыт бойынша өзара алыс-берісті арттыруға келіскен еді. Бүгінде Франция ауыр өнеркәсіп саласында ғана Қазақстанның ең ірі серіктесі саналады.
Бернар Фэй, Францияның халықаралық серіктестік және ауыл шаруашылығын зерттеу орталығының құрметті зерттеушісі:
- Қазақстанды әзірге мұнай мен газ, минералды ресурстарға бай мемлекет ретінде ғана танимыз. Ауыл шаруашылығы саласы жайлы білетініміз аз. Сондықтан елдеріңізде көрме алаңында стенд ашу бізге өте маңызды. Мыңдаған адам көріп, таныса алады.
Көрменің алғашқы күні павильонның ашылуы басты жаңалық болды. Енді алдағы бір апта бойы париждіктер қазақстандық өніммен жақынырақ таныса алады. Ал отандық агробизнес өкілдері осы уақыт ішінде француз әріптестерімен тәжірибе алмасып, бірнеше кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан