Депутат: Алимент қорын құру керек

Бюджет: әлеуметтік көмекке басымдық берілді

Бір жылда мемлекеттік бюджет кірісі 25 трлн теңгеге жуықтады. Ал шығын 27 трлн теңгеге жеткен. Сәйкесінше тапшылық әжептәуір сезілді. Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Меруерт Жұмаханның айтуынша, мемлекеттік бюджет шығындарының орта есеппен 21,8%-і әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған. Одан бөлек инфрақұрылымды кеңейту және әлеуметтік сала мамандықтарының беделін арттыру бойынша елеулі жұмыстар атқарылды. Сарапшының айтуынша, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасына, сондай-ақ ресурстарды тиімсіз пайдалануға қатысты сын да жетерлік. Осы ретте ол мемлекет басшысының үкіметке әлеуметтік көмек пен қолдау тетіктерін толығымен қайта қарауды тапсырғанын атап өтті. Ұлттық жобаларды іске асыруды тежейтін мәселелер де қысқа мерзімде жойылуы керек. Мұның бәрі азаматтарға тең мүмкіндіктер жасап, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға әсер етеді.

Қазір еліміздің әрбір бесінші тұрғынына әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл шамамен 4,5 млн жуық адам. Осы ретте мемлекет басшысы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн деді. "Себебі бюджет қаржысы шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға берілуі керек".

Бюджет қайда жұмсалады?

Биылғы бюджеттің 5,42 трлн теңгесі әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жекелеген санаттағы азаматтарға қолдау көрсету үшін 5,37 трлн теңге сұраған. Республика деңгейінде көмек көрсету және әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту үшін 30 млрд теңге қарастырылды. Саладағы мемлекеттік саясатты реттеу де маңызды. Бұл бағытқа 4 млрд теңге бөлінеді.

Тағы 3 млрд-қа жуық қаржы азаматтардың өнімділігін арттыруға жұмсалады. Еңбекті қорғау бағытындағы ғылыми зерттеулер мен біліктілікті арттыруға да көңіл бөлініп отыр. Жалпы 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 10 трлн теңге әлеуметтік салаға беріледі. Бұл қаражатқа білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризмді де дамыту керек.

Мемлекеттік алимент қорын құру керек

Елде мемлекеттік алимент қорын құру керек. Бұл ұсыныстың талқыланып жатқанына 7 жыл болды. Мәжіліс депутаттары созбалаңға салуға болмайды деп отыр. Өйткені борышкерлер қатары сирейтін емес. Депутаттар алиментті төлеуден жалтаратындармен күрес еш нәтиже беріп жатқан жоқ дейді. Былтыр қарыз сомасы 21 трлн теңгеге жуықтады. Жаңа қор бюджеттен тыс түсімдерден жасақталуы керек. Кейін көмек ақының әкесі немесе анасынан 3 ай бойы ақша алмаған балаларға берілуін қамтамасыз ету қажет. Мұндай балалардың саны 300 мыңнан асады. Жеке сот орындаушы Несібелі Басенова статистиканың артуына алимент төлету туралы шешімнің жедел қабылданатыны әсер ететінін айтады. Көп жағдайда борышкерлердің тұрақты жұмысы болмай шығады.

Несібелі Басенова, Қостанай өңірінің жеке сот орындаушысы, ҚР Құрметті заңгері:

- Ол мемлекеттік қор болуға тиіс деп есептеймін. Егер сол фондтан ай сайын 30 мың теңгеден бөлініп отырса жететін сияқты. Қостанай облысы үшін. Мемлекет төлейтін болса, кейін сол ақшаны борышкерден өндіріп, қайтадан мемлекеттің бюджетіне құю керек деп есептеймін.

Алимент төлеуден жалтаратындар көп

Жыл сайын алименттік істердің 6 проценті шешілмейтін түйткілге айналады. Былтыр оның үлесі 16 мыңнан асқан. Мұндай борышкерлердің бір бөлігі қарызын 3 айдан артық кешіктірсе, екіншісі мүлде төлемейді. Олардың дені Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Қарағанды облыстарында тұрып жатыр. Себеп көп – бірі расымен жұмыссыз болса, енді бірі шынайы табысын жасырады. Қазір жеке сот орындаушылар тарапынан борышкерді уақытша жұмысқа орналастыру, мүлкін пайдалануға тыйым салу, жеңілдік науқандары сияқты жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Мәселелі берешек үлесі:

2022 - 15 655

2023 - 16 220

Үш айдан артық кешіктірілген қарыз:

2022 - 9 636

2023 - 8 669

Әлеуметтік қолдаудың басты бағыты азаматтарды жұмыспен қамту екені даусыз. Мұны президент те айтты. Бұл ретте жұмыспен қамту орталықтарын жаңғырту маңызды. Жалпы мемлекеттен сұрай бермей, керісінше мемлекетке көмектескеніміз дұрыс сияқты.