Атырау облысында жылыжай кешенінің саны артып келеді
Атырау облысында жылыжай кәсібін жолға қойғандар көбейіп келеді.
Бір ғана Махамбет ауданында жылыжай кешендерінің көлемі 8 гектардан асты. Бұған дейін Ресей, Өзбекстан мен Ираннан тасымалданатын көкөністердің орнын жергілікті кәсіпкерлер толтыруға ден қойған.
Артур Қожантаев тұқым егу жұмысын аяқтауға жақын. Бұрын мұнай саласында еңбек еткен кәсіпкер 3 жылдан бері жылыжайды табыс көзіне айналдырған. Былтыр осы жерден 15 тоннадай қияр жинап, өнім өткізуде еш қиындық көрмеген.
Артур Қожантаев, кәсіпкер:
- Осы ауыл тұрғындарына дүкендерге қалаға шығарамын, базарларға. Сорт «северен» деген соңғы 3 жылдай болды егіп келе жатқаныма. Жақсы. Электр энегиясы мен газға мемлекет субсидия төлеп кішкене жеңілдіктер берсе, жақсы болар еді, жергілікті өнім жоқ. Қиярлар Ираннан келеді. Жергілікті қиярға сұранысым көп бізде.
Биыл мемлекет қолдауына сүйенген кәсіпкер жылыжай көлемін 2 есе ұлғайтқан. Себебі ерте піскен өнімді 100 тонна болса да тартынбай сатуға мүмкіндік бар.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Аумағы 2 мың шаршы метр жылыжайға бүгінде 10 мың түп қияр отырғызылыпты. Бұл голландық сорттың басты ерекшелігі жергілікті климатқа қолайлы, төзімді көрінеді. Бұйырса, осы алқап енді 10-15 күнде гүлдейді, Наурыз мерекесінің қарсаңында, яғни 45 күннен кейін өнім бере бастайды.
Бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысатын Махамбет ауданында 300-ге жуық шаруашылық бар. Басым бөлігі егін егеді. Соңғы кезде шаруалар жергілікті нарық талабына орай жаппай жылыжай ашуға ден қоя бастаған. Биыл 4 жылыжайдың құрылысы басталды.
Азат Қапанов, Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Мемлекет тарапынан тұқымға, пестицидке және тыңайтқышқа субсидия қаралған. Электр энергиясы мен газдың шығыны субсидияланбайды. Қосымша Махамбет ауданы бойынша күні бүгінге 8 гектардан жоғары жылыжай бар. «Бейбарыс» ауылдық округінде биыл 5,6 гектарлық жылыжайдың құрылысы жүріп жатыр. Ол алдағы қыркүйек айында іске қосылады.
Қазір облыста 30-ға тарта жылыжай бар. Олар жергілікті нарықтың 40 пайызын жауып отыр. Мемлекеттен қолдау жалғасатын болса, бұл кәсіптің әлі де жанданатын түрі бар. Бірақ электр энергиясы мен газ шығынын өтейтін жаңа механизм қажет, дейді шаруалар. Себебі әр жылыжайдың көлеміне қарай ай сайынғы коммуналдық қызмет 120 мың теңгеден асып кетеді.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов