Елде адал риэлторлар реестрін құру керек
Риэлторлардың қызметін заңдастыру керек. Әйтпесе, риэлторы қайсы, алаяғы қайсы белгісіз.
Иә, бұл мәселенің ушыққаны сонша, депутаттар да, риэлторлар қауымдастығы да алаңдап отыр.
Азаматтардың уақытын үнемдеу әрі сапалы қызмет алу үшін кәсіби мамандар керек. Бірақ бұл саланы әлдекімдердің майшелпек қылып алғаны рас. Ал жұрт сан соғып қалып жатыр. Қазір алаяқтар ғана емес, риэлторлық компаниялардың өзі келісімшартқа қол қойдырып алып, артынан дұрыс қызмет көрсетпей, сөйте тұра ақы даулайтын жайттар көбейген. Енді бұған сарапшылар, мамандар не дейді?
Арбитрлер мен риэлторларға бақылау керек
Риэлторлар мен арбитраждық соттардың қызметін мемлекеттік бақылауға алу керек. Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков елдегі барлық риэлторлық компания үшін «арбитраждық бапты» алып тастайтын бір типтік келісім әзірлеу қажеттігін айтты. Қазір арбитрлерге ешқандай жауапкершілік артылмайды. Ал даулардың дені риэлторлық компаниялардың пайдасына шешілген. Депутат мемлекеттік бақылау болмай, қарапайым азаматтардың құқығын қорғауды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік болмайтынын айтады. Оның сөзіне қарағанда, 3 жылда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату операцияларының саны шамамен 1,5 млн теңге болған. Арнайы сайттардағы хабарландырулардың жартысын риэлторлар жариялаған.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- АҚШ, Франция және басқа да Еуропа елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, риэлторлық қызметті қатаң мемлекеттік реттеу, лицензиялауды енгізу, этикалық кодексті сақтау, болашақ риэлторлардың жеке басын және қылмыс жасаған-жасамағанын тексеру қажет. Риэлторлық қызметті мемлекеттік реттеуді белгілеу, оны лицензиялауды енгізу, міндетті оқытуды және біліктілік емтихандарын тапсыруды енгізу қажет.
Риэлтор мамандығын заңдастыру маңызды
Саладағы жүгенсіздікті риэлторлар қауымдастығы да мойындады. Жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы және өзін-өзі реттейтін риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі нақты заңдық қадағалау болмағасын, қарапайым тұтынушылар ғана емес, нарықтағы кәсіби риэлторлар да зардап шегетінін айтады. Сарапшы: «риэлторға заңдық мәртебе беру керек», – дейді. Қауымдастықтың бұл мәселені көтеріп келе жатқанына 10 жылдан асқан. Тіпті бұл қызметті ұлттық классификаторға енгізуді ұсынған. Қазір аталған тізімде 12 мыңға жуық қызмет түрі тіркелген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынысты ескеретінін айтқанымен, екі жыл бойы еш нәтиже шықпапты. Десе де қауымдастық өкілдері әлі де мемлекеттік органдармен тікелей байланыс орнатуға дайын.
Нина Лукьяненко, ҚР өзін-өзі реттейтін риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі:
- Мен ұзақ уақыт бойы нағыз кәсіпқойлардың қауымдастығында тұрмын. Осындай сапасыз қызметтер тұтынушыларға ғана емес, өз клиенттеріне лайықты қызмет көрсетіп отырған мамандарға да кері әсер ететінін айтқым келеді. Мемлекет кәсіби нарық қатысушыларын тартпай, заңды реттей алмайды. Біздің мамандар да өз тарапынан бірнеше рет мәселені шешу жолдарын ұсынды. Әйтеуір риэлторлық қызметті реттеудің ұлттық стандарты қабылданды. Оның өзі аяқталмаған, әлі де жетілдіру қажет.
Адал риэлторлар реестрін құру керек
Елде адал риэлторлар реестрін құру керек. Мамандар тұрғын үй нарығында алаяқтардың көбейгеніне алаңдаулы. Тек мегаполистердің өзінде күніне бірнеше жағдай тіркеліп жатыр. Алаяқтар әсіресе қарттардың сеніміне кіріп, мүлік иелерінің жеке деректеріне заңсыз қол сұғуға барады. Тіпті жалған құжат жасап, мұрагерлікке өтті деген желеумен баспананы иемденіп жатады. Тәртіп сақшылары азаматтарды абай болуға шақырады. Риэлторлар өздері жұмыс істейтін компанияның тіркелгенін растайтын құжат көрсетуі керек. Құзырлы қауымдастық та: «адал риэлторлардың онлайн реестрі қажет», – дейді. Олардың біліктілігі мен білімін де жетілдіріп отыру маңызды. Бұл тұтынушылардың сенімді адамдармен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қазір тұрғын үй нарығындағы риэлторлық қызметтің ұлттық стандарты бар. Ол 2020 жылы күшіне енген.
Halyk Finance сарапшылары биыл елде тұрғын үйге сұраныс артатынын болжайды. Бірінші нарықтағы баспана құны 6-8%-ке, екінші нарықтағы үй бағасы 3%-ке өсуі мүмкін. Ал инвестиция және жылжымайтын мүлік бойынша халықаралық сарапшы Лев Тетин бағаның орташа алғанда 12-15%-ке өсетінін айтады. Келесі жылы өсім 20-25%-ке жетеді. Себебі азаматтар арасында сұраныс артатындықтан, дайын үйлердің тапшылығы туындауы ықтимал. Сатып алу-сату келісімдерінің аз жасалғанына қарамастан, кейінгі 3 жылда елдегі тұрғын үй бағасы 1,5 есе өскен. Әсіресе Алматыдағы өсім айтарлықтай. Қазір мұндағы бір шаршы метр құны 610 мың теңгеден асады. Тізімді Астана жалғайды. Мұндағы баға 575 мың теңге шамасында. Шымкенттегі пәтердің шаршы метрі 430 мың теңгеге дейін барады. Ал Көкшетауда 297 мың теңгеден басталады. Елдегі ең арзан үйлер осында сатылады. Орташа алғанда біздегі тұрғын үйдің шаршы метрі – 495 мың теңге. Мамандар: «бағаның тағы да өсуі мүмкін», – дейді. Себебі нарыққа «9-20-25» бағдарламасы қосылды. Ұлттық банк дерегіне сүйенек, «7-20-25» бағдарламасы аясында 988 млрд теңгеге 72 512 қарыз берілді.