Қолма-қол ақшаға сұраныс артты

Жыл басынан бері банкоматтардан ақша алу 14 процентке өсті.

Бұл көрсеткіш банк карталары арасындағы транзакцияларды басып озды. Мамандар бұған салық органдарының онлайн аударымдарға тексеру жүргіземіз деген мәлімдемесі себеп деп отыр. Бұл үрдіс отандық қаржы нарығына, қалай әсер етеді? Көлеңкелі кәсіп белең алмай ма?

Қаңтарда қазақстандықтардың төлем карталар арқылы есеп айырысу көлемі 12 трлн-ға жуықтады. Транзакциялар саны 860 млн-нан асқан. Оның ішінде 843 млн-ы қолма-қол емес операциялар. Олардың көлемі ақшаға шаққанда 10 трлн теңгеден асты. Өсім - 14,6 процент. Дегенмен биыл банкомат арқылы ақша алатындар саны күрт өскен.

Графика

Төлем карталар арқылы есеп айырысу

2024 жыл, қаңтар

Транзакциялар көлемі  – 11,9 трлн теңге

Транзакциялар саны – 862,3  млн бірлік

Қолма-қол жасалмайтын транзакциялар саны – 842,7 млн бірлік

10 трлн теңге

Өсім – 13,6% 

Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкі баспасөз хатшысы:

- Төлем карточкаларын ұстаушылардың қолма-қол ақшаны алу операцияларының саны 19,7 млн бірлікті, көлемі 1,8 трлн теңгені құрады. 2023 жылдың осындай уақыт аралығымен салыстырғанда ақша шешу операцияларының саны 14,0%-ға артып, көлемі 22,2%-ға артты. 

Бұл жағдайға мемлекеттік кірістер комитетінің биылдан онлайн аударымдар тексеріледі деген мәлімдемесі себеп. Мамандар пікірі осындай. Нарықта қолма-қол есеп айырысу да жиіледі. Тағы бірі көп кәсіпкерлер жеке шоттарын бизнесте пайдаланады. Салық органдарының өкілдері бұл заңға қайшы дейді.

Қайрат Миятов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

- Кей кәсіпкерлер жеке шоттарын табысын жасыру үшін қолданады. Сондықтан аударымдардан кәсіпкерліктің белгілерін анықтау тетіктері енгізілді. Бұл міндет екінші деңгейлі банктерге жүктелді. Егер олар кәсіпкерлік қызмет белгісін анықтаса, деректерін бізге жібереді. Біз кәсіпкерден ол ақшаның қандай мақсатта аударылғанын сұраймыз. Егер ол жеке мақсаттағы ақша болса, салық салынбайды. Ал кәсіпкерлік бағытта болса, сәйкесінше шаралар қабылданады.

Яғни аударымның бизнеске қатысы болмаса, айыппұл салынбайды. Ал табысын жасырмақ болғандар жауапкершілікке тартылады. Экономистердің айтуынша, бизнес өкілін тек салық мазаламайды. Оған кәсіпкерлік шот ашу тиімсіз. Банк алымдарының проценті жоғары. Бұл қосымша шығын. 

Мақсат Халық, экономист:

- Екінші деңгейлі коммерциялық банк болғандықтан, әрине, ол өз пайдасын көздейді. Ол қойып отырған комиссиялар қаншалықты өз ретінде? Шын мәнінде орынды ма, салықтың деңгейінде комиссиялар қою, иә? Сондықтан осындай мәселелерге келгенде ол да қоғамдық талқылауда болуы керек. Оған Үкімет те мән беріп, күн тәртібінде талқылануы керек деп есептеймін.

Экономистер кей кәсіпкердің қаржылық сауаты төмен дейді. Салдарынан кірісті жасыру секілді келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан кәсіпкерді жазаламас бұрын түсіндіру жұмыстарын ширата түсу қажет. 

Серік Селеубайұлы