Елімізде гүлді көптеп өсіру қажет
Жыл сайын аруларымзға гүлді Эквадор, Нидерландтан алдыртып жатамыз.
Сұлулардың құшағын гүлге, толтыруға асығып, қалтасынан қағылып жатқан еркек қаншама. Себебі гүлдің өзі импортқа тәуелді. Гүлдердің бағасы қолжетімді болу үшін, гүлді елде көптеп өсіру қажет деп ойлаймын.
Дұрыс айтасыз. Мәселен, Түркістан облысындағы Дербісек ауылын нағыз гүлдің отаны деуге болады. Себебі мұнда 60-тан аса отбасы гүл өсіруді кәсіпке айналдырған. Елді мекендегі әрбір 5-тұрғын жылыжай ұстап, гүл өсірумен айналысады. Көктем мерекесі қарсаңында гүл өсіріп, табыс тауып отырған ауылға тілшіміз барып келді.
Дербісек ауылының тұрғыны Махат Әуенов бірнеше жылдан бері жылыжайда гүл өсіріп келеді. Бұл кәсіпті алғаш Райхан гүлін өсіруден бастапты. Қазір бағбан Голландиялық Астрамерия гүлінің 10 түрін женсіндіріп, жайқалтып отыр. Еуропалық гүлдің бір ерекшелігі - жыл он екі ай өнім береді. Ол үшін жақсылап қарау керек дейді.
Махат Әуенов, бағбан:
- Көпшілік ойлайды ғой, ексе өсе береді деп. Гүл егу деген бұл әдемілікті қалағаннан кейін біз үнемі ізденісте жүреміз. Қиыншылығы күтіп-баптауда. Гүлінде бір дақ болса ол әдемілігін жоғалтады. Сол үшін зақымдандырмауға, бір жері бүлінсе, гүл сатылуға шықпайды. Жылуы дұрыс болмаса, гүлі жақсы гүлдемейді. Бойы өспей қалады. Ауру түседі дегендей. Себетін дәріміз бар. солардың бәрін уақытында қадағалап, қараса болады. Бірақ жұмысы өте қиын.
Ал Афис Гарипов бірыңғай қызғалдақ егеді. Арнайы білімі болмаса да гүл баптаудың қыр-сырын бір кісідей меңгеріп алған. «Гүл – әсемдіктің, нәзіктіктің символы, сондықтан оған ерекше бап керек» дейді. Бағбан қыста отырғызған қызғалдақтарын қазір сатып жатыр.
Афис Гарипов, бағбан:
- 5-6 түрін ектік. Қызылы бар, сары бар, қою қызыл түстісі бар. Қайсысына сұраныс бар, соларды егеміз. Сұраныс жақсы. Шымкенттен келіп жатыр, Сарыағаштан келіп жатыр, Жетісайдан келіп алып кетіп жатыр.
Жалпы Дербісек ауылында 76 гектардан астам жылыжай бар. Соның он гектары тек гүл өсірумен айналысады. Жылыжайлардың 90 пайызы жылу жүйесімен қамтылған. Бағбандардың басым бөлігі қысы-жазы сұранысқа ие райхан гүлін өсіреді.
Олжас Әсілбаев, Дербісек ауылдық округі әкімдгінің ауыл шаруашылығы бойынша бас маманы:
- Көбінесе бізде голландиялық сортын өсірумен айналысады. Үйіргелікте, суармалы егістік жерде 60-тан астам кәсіпкер осы гүл шаруашылығымен айналысады. Біздің ауылда гүлдің 20-дан астам түрі бар.
8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Шымкентте «Гүлдер жәрмеңкесі» өтіп жатыр. Оған мыңдаған дана әртүрлі гүлдер шығарылып, қала тұрғындары сатып алуда. Жергілікті тұрғын Гүлмира Саниева да өзі өсірген гүлдерін әкеліп, осында саудалап жатыр. Ол гүл бизнес емес, хобби деп қарайтынын айтады.
Гүлмира Саниева, гүл сатушы:
- Мен басқа гүлдерге қарағанда кактусты жақсы көремін. Оны үйде өзім өсіремін. Кактус аса күтімді қажет етпейді, айына 1 рет су ішеді. Қазір менің үйімде кактустың 100-ден аса түрі бар. Оның барлығын жан-жақтан жинадым. Кактусты жақсы көретіндер инстаграм арқылы тапсырыс береді. Бүгін осы жәрмеңкеде алып жатыр.
Қала билігі мерекеге орай гүл сататын 50 орын жасақтапты. «Мақсат – ретсіз сауданы болдырмау, халыққа жайлы жағдай жасау» дейді мамандар. Жалпы Шымкент қаласында гүл өсірумен айналысатын 30-ға жуық шаруашылық, 200-дей дүкен бар. Қазір олардың барлығында сауда қызып тұр.
Жандос Жұмабек, Катерина Папкова, Ерболат Әбіш