Ақтаудағы логистикалық орталықта жеміс-жидек қоймасы қолданысқа дайын
Ақтаудағы ірі логистикалық орталықта жеміс-жидек сақтайтын алаңдар қолданысқа дайын.
16 мұздатқыш камераның әрқайсысында 100 тоннаға дейін жеміс сақтауға болады. Іштегі ауа температурасын автоматты қондырғылар реттейді. Мұнда бау-бақша өнімдері мен азық-түлік бір жылға дейін сақталады. Өндіріс орнын 2016 жылы қазақ-әзербайжан елдері бірігіп ашты.
Жұмысшы көтергіш машинамен қойманың жоғары сөрелерінен азық-түлік түсіреді.
Өндіріс және логистика орталығында Ақтау мен Мұнайлы ауданының тұрғындары жұмыс істейді. Ұжымның дені - жастар. Бегалы Байболов жүк көтергіш машинаны тізгіндейді. Келешекте логистика саласында жоғары білім алуды армандайды.
Бегалы Байболов, жұмысшы:
- Осы жер менің алғашқы жұмыс орыным. Өзіме ұнайды осы жұмыс. Осы жерге келген тауарларды жоғарыға көтеремін, түсіремін. Сосын орнына апарып қоямын. Вагонмен келеді, алып жоғары көтеремін. Магазиндерге заявка шыққанда, түсіріп беремін сол кезде.
Стратегиялық маңызға ие орталық арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Аумағы 4 гектар қоймада Әзербайжан, Ираннан Ақтауға теңіз арқылы жеткізілетін жеміс-жидек, тұрмыстық бұйымдар сақталады. Сұрыпталып, темір сөрелерге бөлінеді. Осы жерде 5 мың тоннаға дейін түрлі тауар сақтауға болады. Нысанның келесі бөлігінде мұздатқыш камералар тұр. Мұндағы температура тәулік бойы -38 градусты көрсетеді.
Фикрет Бахышов, өндіріс және логистика орталығының директоры:
- Біздің ерекшелігіміз - құрғақ қоймаларда тоңазытқыш және мұздатқыш камераларда сақтау қызметін ұсынамыз. Тез бұзылатын жемістер мен азық-түлікті бір айдан бір жылға дейін сақтауға болады. Бұл өз кезегінде осы жерден сатылымға шығаруға мүмкіндік береді. Маңғыстаулық кәсіпкерлерге өте қолайлы.
Қазір мұздатқыш камераларды жалға алуға ниетті кәсіпкерлермен келіссөздер жүріп жатыр. Алдағы уақытта қойма іші тауарға толып, жұмыс толық қуатына шыққанда 200-ге тарта жұмыс орыны құрылады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев