Елорда халқының саны 2 миллионнан асады
Алдағы онжылдықта елорда халқы тағы 1 миллионға көбейеді екен.
Халық санының өскені, бас қаланың өркендегені дұрыс. Бірақ бұған біз экономикалық тұрғыда дайынбыз ба? Иә, сондықтан Астана агломерациясын дамыту – өзекті мәселе.
Әрине, Үкімет бұл бағытта нақты міндеттер тізбегін айқындады. Таяуда Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Енді жоспар қандай? Нақты қандай шаралар жүзеге асады? Алдағы жылдары Астана, Астанамен іргелес елді мекендердің дамуы қалай жүзеге аспақ?
Рас, Астана халқы алдағы 10 жылда 1 млн-ға көбейеді деген болжам бар. Сондықтан бас қаламен іргелес ауылдарды да дамыту өзекті болып тұр. Осы бағытта алдымен 2028 жылға дейін 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінбек.
Елорда халқының саны 2 миллионнан асады
Қазір бас қалада 1 млн 400 мыңның шамасында тұрғын бар. Кейінгі 10 жылда астаналықтар саны 46%-ке өсті. Жыл сайын қала халқы 60 мыңға дейін көбейіп отыр. Ал қалаға жақын маңдағы елді мекендерге келіп қазығын қаққандар саны 10 жылда 72%-ке артты. Үкіметтің болжамына сүйенсек, 2035 жылға қарай Астана халқы 2 млн 300 мың адамнан асады.
Әрине, «елге ел қосылса – құт» деген. Бірақ жаңадан қосылған миллион жанды баспанамен, азық-түлікпен, басқа да тұрмыстық игілікпен қамтамасыз ету оңай емесі белгілі.
Үкімет бекіткен 2028 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында Астана қаласының өзі мен өңір халқының 40%-і тұратын Қосшы қаласы қамтылып отыр. Сонымен қатар агломерация құрамына Ақмола облысындағы Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының 46 елді мекені енгізілді.
Жоғарыда айтқанымыздай, агломерация халқы 10 жылда 72%-ке артты. Алайда шенеуніктер бұл ресми мәліметтің шынайы деректен алшақ екенін айтады.
«Бұл ресми санақ бойынша, ал нақты жағдайға келетін болсақ, ауылды мекендер 6 есеге өсім көрсетіп отыр. Мәселен, Жібек жолы ауылының халқы 5,5 есе өскен, 2014 жылы тұрғындар саны 4 675 адам болса, 2023 жылы – 10 622 адам, қазіргі нақты санақ бойынша 30 мыңға жуықтап отыр. Ал Талапкер ауылында 2014 жылғы санақ бойынша 6 882 адам тіркелсе, қазір нақты 30 000 адам тұрып жатыр. Қосшы қаласында тұратындар саны 5 есе өскен, 2014 жылғы санақ бойынша 21 000 адам, 2023 жылы 54 000 адам, қазір нақты 112 000 адам тұрады», – Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі.
Әкімнің айтуынша, халық санының өсіміне құрылыс қарқыны ілесе алмай келеді.
Агломерацияны дамытуға ₸1,13 трлн бөлінеді
Сонымен қатар маңайдағы елді мекендерден бас қалаға күнделікті келіп-кететін жұрт қарасы қалың. Бұл өз кезегінде қаладағы көлік қозғалысын қиындатып, келеңсіздіктер тудырады. Мәселен, астанаға жақын ауылдардан күніне 200 мыңнан астам адам мен 30 мың көлік келеді. Әрине, бұлардың басым көпшілігі жұмыс бабымен, күнкөріс қамымен жүретіні анық. Үкімет мәселені шешуге қомақты қаржы жұмсауды көздеп отыр.
«Елордада инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің ұлғаюына, қаланың шет аймақтарының кеңеюіне, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауына және әлеуметтік объектілердің тапшылығына алып келетін бірқатар проблема бар. Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін әзірленген кешенді жоспарда жүйелі шаралар көзделген. Жалпы қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ экологиялық тұрақтылықты, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдайлардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған жалпы сомасы 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген», – Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі.
329 іс-шараның қатарында ауқымды жұмыс жоспарланып отыр. Мәселен, 70 шақырым кәріз бен 500 шақырым су желісі тартылады. 800 шақырым электр желісі мен 3 қазандық салынады.
Сонымен қатар 400 шақырымнан астам жол жөнделеді. 300 шақырым жол мен 4 көпір жаңадан тұрғызылады. Бұл өз кезегінде көлік кептелісін жеңілдетуге ықпал етпек. Көлік қозғалысын реттеудегі тағы бір тиімді құрал – қоғамдық көлік санын арттыру. Астана қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қазір қала маңындағы елді мекендерге 26 автобус бағдары бар. Жалпы былтыр қала ішінде 900 қоғамдық көлік қатынаса, қазір олардың саны 1300-ге жетті. Сондай-ақ биыл автопаркті тағы 300 автобусқа ұлғайту жоспарланып отыр. Осылайша, жаңадан 20-ға жуық бағыт ашылады. Маршруттар қашықтығы ұзарып, қарым-қатынас жеделдей түспек.
Күніне 10 мың бала қатынап оқиды
Астанаға қатынап оқитын бала да көп қазір. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, олардың саны 10 мыңнан асады. Бұл мәселені шешу үшін биыл Астананың шеткері аудандарында әрқайсысы 2000 орынға арналған 3 мектептің құрылысы аяқталмақ. Кейінгі жылдары іргелес Қосшы қаласында бірқатар әлеуметтік нысан бой көтерді. Құрылыс жүргізуде жекелеген инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Алдағы жылдары шағын шаһарда 1 200 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша бой көтермек.
«Астана – армандар қаласы» дейміз. Ендігісі сол арманның жетегінде Астанаға келіп, үйін тігер жанның жыл санап көбейе беретін анық. Кешенді жоспарда сол көшке жайлы жағдай жасау көзделген. Қалғанын уақыт көрсетеді.
Кешенді жоспар аясында 63 іргелі жобаны іске асыру көзделген. Бұл орайда азық-түлік белдеуін дамыту маңызды. Яғни, 25 тамақ кәсіпорны салынады. Бұлардың қатарында ірі жылыжай, 2 көкөніс қоймасы, өндірістік кешен, 3 ірі қойма және логистикалық орталық тұрғызылады. Жақында бұл нысандардың жетеуі іске қосылады.