Алматыда «B5+1» халықаралық форумы басталды
Шара Орталық Азиядағы өңірлік экономикалық интеграцияны нығайтуды көздейді, деп хабарлайды 24KZ.
Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Америка Құрама Штаттарының бизнес көшбасшылары, сарапшылар мен инвесторлар қатысып жатыр. Олар сауда-саттықты ұлғайту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау, бизнес пен адам капиталын дамыту мәселелерін талқылап жатыр. Аймақта 77 миллион адам тұрады. Шағын және орта бизнес дамып келеді. Сондықтан сарапшылар экономиканы шикізатқа негіздемей, табиғи ресурстарды терең өңдеп, дұрыс қолдануға үндейді. Көлік-логистика саласын дамыту – экономикалық интеграцияның кепілі. Бірақ «шекарадан жүкті өткізуде кедендік кедергілер кездеседі. Құжат рәсімдеу, рұқсат беру ісіндегі олқылықтар тауар тасымалын қиындатады», – дейді мамандар.
Әсел Садықова, Автокөлікпен жүк тасымалдаушылар және экспедиторлар одағының төрағасы:
- Біздің саладағы басты мәселе – жүкті шекарадан өткізуге берілетін рұқсат құжатының уақытылы рәсімделмеуі. Тауар тасымалдаушы шетелге жүк апару үшін Көлік комитетінің рұқсат бланкісін алуы тиіс. Міне, сол құжат қазір берілмей отыр. Соның салдарынан Өзбекстан шекарасында 300 көліктің тұрғанына 1 апта болды. Бұл – орынсыз шығын. Форумға осы мәселені көтеру үшін келдік.