Қазақстан халқы арзан газ тұтынып отыр
Бүгінде сұйытылған мұнай газының бір тоннасын өндіруге 60-70 мың теңге жұмсалады.
Ал көтерме саудаға шығарғанда тоннасын 40 320 теңгенің шегінде сату белгіленген. Бұл жерде қосымша құн салығы есепке алынбаған.
Министр Алмасадам Сәтқалиевтің мәліметіне сүйенсек, былтыр сұйытылған мұнай газының ішкі нарықтағы тұтыну көлемі 28 пайызға өсті. Яғни қазақстандықтар 2022 жылға қарағанда 400 мың тоннаны артық жағып, 2 млн тоннадан астам газды кәдесіне жаратты.
Қазір Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының құны көрші елдермен салыстырғанда едәуір төмен. Аймақтарға қарай газдың бір литрі 54-86 теңгенің аралығында бағаланады. Салыстыратын болсақ, Ресейде бір литр газ – 165 теңгеге, Қырғызстанда – 159 теңгеге, Әзербайжанда – 171 теңгеге, ал, Тәжікстанда 273 теңгеге сатылады.
Министрдің айтуынша, өндірістегі қаржылық тиімсіздіктен сала шығынға ұшырап отыр. Соның салдарынан кәсіпорындардағы тұрақты жөндеу жұмыстарын жүргізуге, технологияны жаңғыртуға мүмкіндік жоқ.
Қазіргі таңда Энергетика министрлігі мен "Теңізшевройл" арасында ай сайын 20 мың тонна газ жеткізу туралы келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ, "QazaqGaz" ұлттық компаниясы мен Солтүстік Каспий жобасының акционерлері жыл соңына дейін Қашаған кен орнынан сұйытылған мұнай газын сатып алу-сату келісімшартына қол қою мәселесін пысықтап жатыр. Бұл жоба жүзеге асса, жыл сайын 700 мың тоннаға дейін газ жеткізілмек.
Сұйытылған мұнай газының бағасы (литр)
Қазақстан – ₸54-86
Қырғызстан – ₸159
Ресей – ₸165
Әзербайжан – ₸171
Тәжікстан – ₸273
12 миллион адам газдың қызығын көріп отыр
Қазір 12 млн адам көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша былтыр елдегі газдандыру деңгейі 60 пайызды еңсерді. Ал 2030 жылға дейін көрсеткішті 65 пайызға жеткізу керек.
Биыл бұл мақсатта 90 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Сөйтіп, 244 мың адам газбен қамтамасыз етіледі. Осылайша Үкімет бір жыл ішінде газдандыру көрсеткішін 61 пайыздан асыруды көздеп отыр.
2023 жыл – 60 пайыз
12 млн адам
2024 жыл – 61,1 пайыз
244 мың адам
Ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынады. Атап айтар болсақ, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралінің 2-ші желісі салынады. «Ақтөбе-Қостанай», «Талдықорған-Үшарал» газ магистральдары тартылады. Сондай-ақ, «Сарыарқа» газ құбырының үш кезеңі толық тұрғызылмақ.
Аталған жобаларға шетелден инвестиция тарту жоспарланып отыр. Мәселен, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» және «Ақтөбе-Қостанай» желілерін салуға қатарлық инвесторлар қаржы салады. Мемлекет басшысының Қатарға жасаған сапары кезінде арнайы келісімге қол қойылған еді.
Газ магистральдарінің құрылысы
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» ГМ 2-желісі
«Ақтөбе-Қостанай» ГМ
«Талдықорған-Үшарал» ГМ
«Сарыарқа» ГМ үш кезеңі
Қазақстан Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан бағытында тасымалданатын мұнай көлемін ұлғайтпақ. 2022 жылдың қарашасында "ҚазМұнайГаз" әзербайжандық SOCAR компаниясымен осы бағытта мұнай экспорттау бойынша келісімге келген еді.
«Біздің ұлттық компанияларымыздың алдына Қазақстанда өндірістің өсуін ескере отырып, мұнай жеткізу көлемін ұлғайту міндеті қойылды. Осыған байланысты, біз қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Былтыр бұл бағыттағы транзит көлемі 1 млн 57 мың тоннаға жетті. Биыл 1,5 млн тонна мұнай тасымалдау жоспарланып отыр».
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі
Қазір отандық кәсіпорындар мұнай өндіруді азайтты. Наурыздың басында Қазақстан ОПЕК+ елдерімен бірге биылғы екінші тоқсанда өндірісті күніне 82 мың баррельге қысқартатынын мәлімдеді. Осылайша, маусым айының соңына дейін тәулігіне 1 млн 400 мың баррельден астам мұнай өндіріледі. Бұған дейін, былтыр сәуірде биылғы жылдың соңына дейін күнделікті өндіріс көлемі 78 мың баррельге кемитіні белгілі болған. Бұл нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жасалған қадам.