ЕАЭО. Сауда саясаты жеңілдей түседі
Еуразиялық экономикалық одақ елдері аясында, ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбалар өзара танылады.
Бүгін Одақ туралы шартқа енгізілетін бірқатар түзетуді Сенат депутаттары мақұлдады.
Жаңа норма мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысу барысында қолданылады. Сол арқылы елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстар нығайып, отандық өнімдерді экспортқа шығару мүмкіндігі артады. Сондай-ақ тауар тасымалы кезінде рұқсат құжаттарын алу процесі жеңілдетіледі.
Шартқа енгізілген түзетулердің тағы бір бөлігі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің фито-санитариялық ережелеріне қатысты. Атап айтқанда, енді бірыңғай тізбеде жоқ зиянды организмдер анықталған жағдайда, шұғыл фито-санитариялық шаралар қабылдауға мүмкіндік туады.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Қазақстанда цифрлық қолтаңбаға қосылған 20-дан астам жүйе бар. Соның арқасында қазақстандық компаниялар мемлекеттік сатып алуларды жеңіл пайдаланып жатыр. Егер басқа мемлекеттерде осындай цифрландыру мәселесі толық қамтылмаса, қатысу қиын. Қазақстандық компанияларға 120 млрд долларлық нарық ашылып жатыр. Мысалы 2022 жылы 12,7 млн долларға қазақстандық компаниялар мемлекеттік сатып алу ақылы экспорт жасаған, енді осы ЭЦҚ қолданылып, ратиф өткеннен кейін біздің компаниялар көбірек қатысып, экспортқа шығуға мүмкіндік алады.