Ақшаңыз бар, қандай депозитті таңдауды білмей жүрсіз бе?
Бір жылда шетел валютасындағы банк салымдары едәуір төмендеді. Ұлттық банк 1 наурызда жеке тұлғалардың депозиттері 16,3 трлн теңгеге жеткенін хабарлады.
Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 21%-ға артық.
Оның басым бөлігін төл валютамыз қамтыған. Елде ақша жинаудың тиімді жолы қайсы?
Иә, депозиттік салымдағы 12,7 трлн теңге теңгемен жинақталған. Мамандар мұның дұрыс үрдіс екенін айтады.
Елдегі жаңа ислам депозиттерінің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Қазақстандағы исламдық қаржыландыруды дамыту нарығы бойынша есеп дерегі осындай.
Зерттеуге қатысқан 13 мың респонденттің басым бөлігі жеке тұлға. Олардың көбі осы депозитті ашуға дайын екенін жеткізген. Соның нәтижесінде жаңа депозиттердің жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
Мамандар дәстүрлі депозиттерден баламалы қаржыландырудың бұл түріне көшуді 924 млрд теңгеге бағалайды. Зерттеуді Ислам Даму Банкі қолдаған.
Бір ескерерлігі, Ислам банктеріндегі салымдарды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдендірмейді. Қазір елдегі исламдық ипотеканың көлемі 1,6 трлн теңгеге жетті. Автоқаржыландыру және бөліп төлеуді қосқанда 2,3 трлн теңгеден асқан.
Айбар Олжаев, экономист:
- Депозиттердің көп болғаны экономикалық системаға жақсы. Бұл жерде жинақтаушы жүйеде болады және ол қаржылық тұрақтылыққа жақсы әсер береді. Депозит халықтың қаржылық бір қоры. Резервтің жоғары болғаны банктерге де өтімді болғаны жақсы және біздегі басы артық ақшаны нарықтағы инфляцияны қоздырмау үшін стилизация жасайды.
Иә, қазақстандықтардың дені ақша жинаудың оңтайлы тәсілі ретінде депозитті пайдаланады. Алайда мамандар депозитті қаражатты көбейтудің тетігі ретінде қарауға болмайтынын айтады. Тек инфляциядан қорғану деп қарастырған жөн. Оның үстіне Ұлттық банк базалық мөлшерлемені біршама түсірді. Қазір ол 14,75 пайызға тең.
Теңгелік депозиттің үлесі басым
Айбар Олжаев, экономист:
- Базалық ставка 14-тен жоғары болып тұрғандықтан теңгеде депозит ұстау халық үшін ең тиімді вариант деп ойлаймын. Ол инфляциядан жоғары. Алтын инфляцияға коррекция жасалмайды. Инфляция болып кетсе, алтын әлемдегі нарықтағы сұранысқа қатысты. Ол Қазақстандық инфляцияға қарамайды.
Тиімді инвестиция
Қаражатты көбейтудің сенімді жолы – инвестициялау. Инвестиция көзінің де сан түрі бар. Мамандар қарапайым әрі кірісі жоғары деп депозиттік сертификатты бағалайды. Бұл банктерден сатып алуға болатын құнды қағаз. Оны уақыт өте келе банктің өзіне қайта сатуға болады.
Құнды қағаз құнын биржа не нарық емес, қаржылық ұйым белгілейді. Демек, лайықты сыйақыға банктің өзі кепілдік береді. Елде мұндай сертификатты екінші деңгейлі екі банк ұсынады. Тиімділігі неде?
500 мың теңгеден басталатын сертификат үшін 17,9 пайызға дейін, 100 мыңнан басталса, 16 пайыз болатын сыйақы тағайындалады. Дегенмен, оның тәуекелі де жоғары. Әсіресе жаңа инвесторларға әбден зерттеп барып, жүгінгені жөн. Есесіне алтын құймаларын алып, байып отырғандар баршылық. Тек бұл инвестицияның ұзақ мерзімді екенін ескеру керек. Қысқа уақытта анау айтқандай түсім түспейді, тіпті шығынға да бату қаупі бар. Сол себепті көпшілік тұрғын үйді жалға беріп, уақыты келгенде сатып, игілігін көріп жүр.
ИПБ. Зейнетақы активтері өсті
Инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруындағы зейнетақы активтері 41,87 млрд теңгеден асады.
Оның 7,5 млрд-ы "Jusan Invest" АҚ-на тиесілі. Портфельдің 65%-ы теңгемен, қалғаны доллармен ұсынылған.
Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан қаңтар-ақпан айларында есептелген инвестициялық табыс мөлшері 137,63 млн теңгеге жетті. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 1,88%-ға тең.
Бұдан бөлек, азаматтардың қаражаты «Халық», «Центр кредит» т.б. банктерде айналымда. 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 18 трлн теңгеден асты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 22 пайызға көп.
Отандық компаниялардың акциялары тиімді ме?
Тәуекел етіп, ірі нарыққа қадам басып жатқандар да көп.
Ал Freedom Global сарапшылары инвесторларға отын-энергетикалық компанияларға сенім артуды ұсынады. Мысалы "ҚазМұнайГаз" акциялары шамамен 25 пайызға қымбаттауы мүмкін. 2023 жылдың соңында компанияның жалпы табысы 3 пайызға артып, 2 триллион теңгеден асты. Оған шикі мұнай мен газды сатудың ықпалы тиді. Осылайша жылдық табыс 50 пайыздан асты.
Сарапшылар "ҚазМұнайГаз" компаниясының бағалы қағаздары да тиімді бола түскенін айтады. Мысалы былтыр мұнай өндірісі 23 миллион тоннадан артты. Сондай-ақ, компания көмірсутектер қорын 507 миллион тоннаға дейін көбейтті.
Мерей Мұратханқызы, 24.KZ