Қарғалы су қоймасы бақылауда тұр
Алдағы күндері Ақтөбе облысында күн 20 градусқа дейін жылиды. Сосын жаңбыр жауады.
Осыған байланысты өңірдегі су қоймалары бақылауға алынды. Өйткені Қарғалы өзенінің деңгейі біршама көтерілген. Қазір жақын маңайдағы саяжай тұрғындары түгел эвакуацияланды.
Жалпы өңірдеіг үш ірі су қоймасының екеуінде жағдай тұрақталған, Қарғалы ғана бақылауда тұр.
Қарғалы су қоймасы қазір 98 процентке толған. Сондықтан жылғалармен келген суды қалаға қарай бағыттауға тура келеді. Оған қоса жағдайды күннің күрт жылынуы ушықтыруы мүмкін.
Айгүл Сайынова, "Қазгидромет" РММ ОФ директоры:
- Алдағы күндері облыс аумағында жаңбыр болуы ықтимал. Солтүстік- батыстан жел соғып, түнде сынап бағанасы 5-10 градусқа, ал күндіз 15-20 градусқа дейін көтеріледі. Оңтүстік аудандарда 25 градусқа дейін жылы болады.
Өткен тәулікте Қарғалы бойындағы 5 бірдей саяжайдың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Өзен жағалауына құм толтырылған қаптар жеткізілді.
Қарғалы өзенінің жағасын бекіту жұмыстары жалғасып жатыр. Атқарушы билік өкілдеріне көмекке келген жергілікті тұрғындар тәулік бойы осы маңда кезекшілік ұйымдастырған. Себебі мына жердегі баспаналардың барлығы қарғын судың алғашқы толқынында аса қатты зардап шеккен.
Табиғи апаттың залалын көргендердің бірі Александр Манько. Судың деңгейі бір метрге дейін көтерілгенін айтады. Қазір ауласындағы су тартылғанымен отбасымен жақындарын паналап жүр. Үйге қатер әбден сейілгеннен кейін ораламыз деп отыр.
Александр Манько, қала тұрғыны:
- Судың деңгейі осы тұсқа дейін болды. Қайықпен кіріп-шығып жүрдік. Бірінші қабаттағы жиһаздар, тұрмыстық техника бүлінді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қарғын судың беті қайтты деп отыр. Қазір даладағы қардың 97 проценті еріген.
Тарас Коваленко, облыстық ТЖД бөлім бастығы:
- Қазір облыста қар тек қырқа-төбелердің түстік бетінде ғана қалды. Өзендегі су деңгейін көтеріп тұрған сол жылғалармен ағып жатқан су ғана. Қарғалының да әлсін-әлсін жағасынан асып жатқаны сондықтан.
Ақтөбедегі ірі үш су қоймасының екеуінде жағдай тұрақталды. Жедел қызмет өкілдерінің ендігі назары тек Қарғалы суқоймасында болады.
Мансұр Есқожин, Наурызбай Құрманғазы, 24.KZ, Ақтөбе