Бензин бағасы. Кешіріңіз, шетелдік болсаңыз, қымбатқа аласыз
Бұдан былай шетелдіктер бензинді қазақстандықтарға қарағанда қымбатқа сатып алады.
Бензинмен қатар дизель отыны да шетел азаматтарына жоғары бағада ұсынылады.
Энергетика министрлігі шетелдік азаматтарға сатылатын бензин мен дизель отынының бағасын көтерді. Министрлік арнайы бұйрықтың жобасын жариялады. Мақсат – нарықтағы мұнай өнімдерінің заңсыз экспортын азайту.
Жанармай бекетінде куәлік көрсетесіз
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында жанар-жағармай құны ең төмен ел. Мұны әрине жұмыртқадан жүн қырыққан пысықайлар жақсы біледі. Сондықтан көлігіне жанармай толтырып алып кететін шетелдіктер көбейген. Ал министрліктің жаңа бұйрығы осы «сұр» экспорттың жолын кесуді көздейді.
Бұйрық жобасына сәйкес АИ-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 245 теңге деңгейінде белгіленеді деп болжанып отыр. Министрлік тұтынушының ел азаматы немесе шетелдік екенін жүргізуші куәлігін тексеру арқылы анықтамақ. Егер, жүргізушінің куәлігі Қазақстанда берілсе, тәулігіне 100 литр бензинді 205 теңгеге ала алады. Ал жүргізуші куәлігімен қатар, көлік құралының Қазақстанда тіркелгені туралы құжатты көрсетсе, бір тәулікте 300 литрді сатып алуға құқы бар.
Дизель отынының бағасы шетелдіктер үшін литріне 315 теңгенің көлемінде бекітіледі. Ал қазақстандықтарға 295 теңгеден сатылады.
Жанар-жағармай қоры 1,5 айға жетеді
Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті. Елдегі қор 1,5 айға жетеді. Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары үздіксіз толықтырып жатыр.
Бүгінде өңірлерде 3 жарым мың тонна бензин, 7 мың тоннадан астам дизель отыны, 45 мың тоннаға жуық авиаотын және 2 мың тоннадан аса мазут қоры бар.
Дегенмен қалыптасқан ахуалға байланысты алдымен төтенше жағдай қызметтерін жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге күш салынып отыр.
Ел көлемінде 111 бензин тасымалдаушы жұмыс істейді. Қазір қиын жағдай қалыптасқан аймақтардағы Қорғаныс министрлігінің құрылымдарына қосымша отын жеткізілді. Ақтөбе және Көкшетау қалаларындағы бөлімшелерге 97 мың литр авиаотын, Атырау және Құлсары қалаларына – 171 мың литр дизель және 24 мың литр бензин бөлінді.
Мемлекет өтемақы төлейді
Ендігі мәселе су тасқыны кезінде көлігі бүлінген азаматтарға өтемақы төлене ме? Заң бойынша көлік қожайындарына төленуі керек.
Себебі көлік стихиялық апаттан зиян шекті. Өтемақы алудың тәртібі табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан келген шығынның орнын толтыру туралы ережеде көрсетілген.
Мәселен, табиғи апатқа дейін КАСКО полисін рәсімдеген немесе басқа да компанияларда табиғи апаттардан сақтандырылған көліктерге мемлекеттен ештеңе төленбейді. Бұл жерде сақтандыру компаниясы 15 күн ішінде өтемақы төлеуге міндеттеледі.
Мадияр Орынбасар, автосақтандыру компаниясының қызметкері:
- Автокөлікті бағалауда бірнеше талапқа назар аударымыз. Ең маңыздысы – көліктің құны мен шыққан жылы. КАСКО-ның сақтандыру бағасы көлік құнының 2-ден 5 пайызына дейін барады. Кейінгі жылдары өз еркімен келіп, көлігін сақтандыратын азаматтар саны өсіп келеді. Былтыр шамамен 30 мың келісімшарт жасалды.
Өтемақы алу тәртібі
Ал мемлекеттен өтемақы алу үшін табиғи апат болған жердегі жергілікті әкімдікке хабарласу қажет.
Зардап шегуші төтенше жағдай болған уақыттан бастап 30 күн ішінде құжаттарды жинап, өтініш беруі керек. Егер автокөлік иесі өзі атқарушы билік органдарына хабарласа алмаса, туыстары немесе таныстары ол үшін құжат тапсыруына болады. Тек, көлік иесі сенімхат беруі керек. Ал әкімдік өтінішті 15 күн ішінде қарап, одан кейін 10 жұмыс күнінде шығын көлемін анықтауы қажет.
«Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі:
- Егер көлік құралын қайта қалпына келтіру техникалық мүмкін емес немесе экономикалық тиімсіз болса, көлік құралы жойылған деп есептеледі. Автокөлікті қайта қалпына келтірудің болжамды шығыны оның залал келтірілген күнгі нарықтағы құнынан 80 пайызға асып кетсе, автокөлікті қайта қалпына келтіру экономикалық тиімсіз деп саналады.
Өтемақы көлемі автокөлікті қайта қалпына келтіру шығынына сәйкес болады. Ал егер көлік жөндеуге жарамаса, нарықтағы құны төленеді. Әкімдік үш күн ішінде өтемақы төлеу бойынша шешім шығару керек. Кейінгі 30 күн ішінде зардап шегушінің есепшотына өтемақы түседі. Ал көрсетілген мерзімде шотқа ақша түспесе, сотқа жүгінуге болады.
Нұрқанат Қанапия, 24.KZ