Германия елімізге көмек беруге дайын екендігін мәлімдеді
Неміс кәсіпкерлері елімізде тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жәрдемдесуге әзір.
Германиялық бизнесмендер Қазақстан елшілігіне техникалық және гуманитарлық көмек көрсету туралы ұсыныс жасады. Олар құтқарушыларға сорғы техникасы мен тракторлар беруге ниетті. Бұдан бөлек неміс кәсіпкерлері біздегі қайырымдылық қорларына ақша аударған. Қазір жергілікті билік пен ғылыми институттар арасында су тасқынына қатысты тәжірибе алмасып, бірлескен зерттеулер жүргізу бойынша келіссөздер жүріп жатыр.
Деннис Швиндт, HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы:
"Қазақстанмен жұмыс істеп жатқаныма 3 жыл болды. Біз пайдалы қазбаларды барлау және өндіру салаларындағы жобалармен айналысамыз. Қазақстандағы табиғат апаты жайлы білеміз. Серіктес ретінде елге көмектесу керек деп шештік."
Александра Огнева, Rhenus Logistics компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы жобаларының жетекшісі:
"Ынтымақтастық, көмек, қолдау деген сөздерді жиі естиміз. Бірақ осындай қиын кезеңде ғана олардың мағынасын түсінуге болады. Астана қаласының әкімдігімен байланыстамыз. Егер әкімдік деңгейінде көмек жиналса, біздің компания оны су басқан өңірлерге жеткізіп беруге дайын."
Вольфганг Кропп, Svevind Energy Group компаниясының бас директоры:
"Біздің компания Қазақстанмен жасыл сутегі саласындағы жобалар бойынша 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазақстандағы су тасқыны туралы біле салысымен, біз көмек қорына 50 мың еуро аудардық. Бұдан бөлек Қазақстандағы қызметкерлеріміз сол жақта гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр."