Тасқыннан 470 кәсіпкер шығынға батты

Тасқынның салдары шағын және орта бизнеске шығын әкелді.

Оның көлемі 13 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдын ала есебі осындай. Шығынға батқандар кімдер?

Шығынға батқан кәсіп иелерінің үштен бірі ауыл шаруашылығымен айналысқан.

470 кәсіпкер шығынға батты

Су тасқыны қарапайым халықты ғана емес, нәсібін шағын кәсібінен көріп отырғандарды да әуреледі. Алдын ала болжам бойынша, бизнес субъектілеріне келтірілген шығын 13 млрд теңгеге жуықтайды. Зардап шеккен 470 шағын және орта бизнестің басым бөлігі Ақтөбе, Атырау облыстарынан. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы зардап шегушілерге тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді. Қаражат мемлекеттік бюджеттен ғана емес, бюджеттен тыс қорлардан да бөлінеді. Су алған елдімекендегі сауда, туризм, ауыл шаруашылығымен айналысқан кәсіп иелері бүлінген мүлік үшін де өтемақы ала алады. Қаражат өтініш пен барлық құжат қабылданған сәттен кейінгі 5 күн ішінде аударылады. Шығындарды арнайы комиссия есептейді. 

Тимур Нахипбеков, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

- Қазіргі таңда 470-ке жуық кәсіпкерлік субъектісі зиян шекті деп есептеп отырмыз. Бұл – алдын ала деректер. Жалпы сома 12 млрд теңгеден астам. Негізінен зардап шеккен кәсіпкерлер – кіші кәсіпкерлік субъектілері. 160-қа жуық АШ кәсіпкерлік субъектілері зардап шегіп отыр. Бүгінгі таңда ҰКП ҰЭМ бірлесіп, осы келтірілген залалды есептеу, оны өтеп беру бойынша арнайы ережені жасақтады. Кәсіпкерлер шеккен зиянын мемлекет тарапынан өндіретін болады.

 

Егістікті сақтандыруға өтінім қабылданады

Елімізде вегетациялық кезеңде дәнді және майлы дақылдардың егістігін топырақтағы артық ылғалдан сақтандыруға өтінімдер қабылдана бастады. Аграрлық несие корпорациясының хабарлауынша, биыл сақтандыру тарифі мен төлем мөлшеріне өзгерістер енгізілген. Оған сай өнім бойынша тариф сақтандыру сомасының 3%-ін құрайды. Бірінші қорғаныс кезеңі 15 тамыздан 14 қыркүйекке дейін, екіншісі 15 қыркүйектен 14 қазанға дейін созылады. Әр кезеңгі төлем сақтандыру сомасының 10 жарым пайызына тең. Ал ең жоғары төлем осы соманың 21%-ін құрайды. Бір ескерерлігі, шарт жасау үшін фермерге сақтандыру сыйақысының 20%-ын төлеу қажет, қалғанын сақтандырушының өтінімі негізінде субсидиялар түрінде аграрлық несие корпорациясы төлейді. Өтінім қабылдау 30 маусымға дейін жалғасады.

 

Қарыз төлеу мерзімпі кейінге шегеріледі

Сондай-ақ шаруалар мен кәсіпкерлердің несиесі кейінге шегеріледі. Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы биылғы кестенің барлық төлемі келесі жылдан бастап біркелкі төлемдермен қаржыландыру мерзімінің соңына дейінгі төлемдерге теңдей бөлінеді. Осы бір жылда аяқталатын жобалар бойынша қызмет бағытына байланысты төлемі 24 айға дейінгі мерзімге ұзартылады. Мұны көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарынан басқа барлық бағытқа қолдануға болады. Бастысы, азаматтарға айыппұл салынбайды, өсімпұл да есептелмейді. Өтініштер қажетті құжаттар ұсынылған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қаралады.

 

Құс өсірушілер жомарттық танытты

Иә, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Еліміздегі құс шаруашылықтары су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 1 млн дана жұмыртқа жібереді. Бұдан бөлек, 1 тоннадан аса құс еті мен электр генераторлары, етік-вейдерлер, шатырлар, қапшықтар сынды аса қажет тауарлар жөнелтіледі. Игі іске 34 шаруашылық жұмылған. Жұмыртқаның бір бөлігі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарына жеткізілді.

Тұқымдық материал сақталатын бірнеше астық қоймасы су астында қалыпты. Оны құзырлы министрлік мәлімдеді. Әзірге келтірілген шығын көлемі нақтыланбады. Дегенмен егіс науқанына жеткілікті астық қоры бар дейді. Азық-түлік корпорациясы да зардап шеккен фермерлерді бөліп төлеу шарттары бойынша тұқыммен қамтамасыз етуге дайын.