Түркістан облысында механизатор жетіспейді
Түркістан облысында механизатор мамандары жетіспейді.
Далалық жұмыс қызған шақта агроқұрылым жетекшілері ауыр техниканы басқаратын адам таппай қалады. Байырғы жұмысшылардың дені зейнет жасына таяп қалған. Ал жастар ауылға келгісі келмейді. Кезінде тұңғыш тракторшы қызымен мақтанған ел, қазір механизатор таппай қиналып отыр.
Берік Әлішеров 20 жылдан бері механизатор болып еңбек етеді. Осы аралықта небір ауыл шаруашылығы техникасын тізгіндеп, әмбебап маманға айналған. Қазір алқап басында жер жыртып, арпа сеуіп жатыр. «Көктемнің бір күні - жылға азық» демекші, ашық ауа райын пайдаланып қалу үшін шаруа жанын салуда. Себебі оны алмастыратын маман жоқ. «Бір кездері мәртебелі болған мамандық иелері қазір қат. Бүгінгі буын механизатор болуға ұмтылмайды»,-дейді.
Берік Әлішеров, механизатор:
- Қазіргі жастардың бәрі қалаға ұмтылады ғой. Оқып, дипломын алғыннан кейін қалаға кетеді. Ауылда ондай мамандықтар жоқ шынын айтқан кезде. Жас балалардың бәрі техникаға отырғысы келмейді. Бұл жұмыстың өзінің қызығы бар, таза ауада далада жұмыс істеген ең керемет нәрсе ғой.
Диқандар білім беруді дамыту арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында оқушыларға механизатор мамандығын тегін оқу мүмкіндігін қарастырса деген ұсыныстарын жеткізді. Өңірде ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын арнаулы оқу орындары бар. Соның бірі Төлеби ауданы Көксәйек ауылында орналасқан көпсалалы-техникалық колледжі. Оқу орнынынң басшылығы өндіріс орындарымен тығыз жұмыс істейтінін айтады.
Ермахан Сарыпбеков, колледж директорының орынбасары:
- Бүгінгі таңда біздің колледжде 80 студент осы ауыл шаруашылығы тракторист-машинст мамандығы бойынша білім алып жатыр. 2023 жылы біздің колледжден 49 студентіміз бітіріп, қазір таңда осы елдімекенде барлығы өндірістік кооперативтерде жұмыс істеп жатыр.
Бүгінгі күні Түркістан облысында ауыл шаруашылығымен айналысатын 70 мыңға жуық шаруа қожалығы бар екенін ескерсек, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Алайда аймақта маман тапшы деп қол қусырып отырған шаруа жоқ. Тірлікке қатысы бардың бәрі күн-түн демей, жер жыртып, дән себуде. Бұл ретте егіске қажетті техниканы уақытылы жаңартып отыру да тірліктің алға жылжуына өз септігін тигізеді.
Мейірхан Батырбек, шаруа қожалығының төрағасы:
- Жер айдайтын Джон дир дейді содан 12 данасы бар. Лизингке алғанбыз. Ал енді былай өзімізде сатып алынған 6-ы бар тағы. Жалпы 18 дана үлкен тракторларымыз бар. Сосын 15 комбайн алғанбыз лизингке. Мақта теретін комбанымыз бар. Біздің 723 гектарға оның бәрі көп қой деп ойлайтын шығарсыздар. Бізде 7 мыңгектар жерде майда шаруашылықтар бар, бізбен келісімге отырған. Біз олардың да жерін игеріп, жыртып береміз.
Жалпы биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 900 мың гектарға жетті. Басымдық масақты, мал азығы, бақша және көкөніс дақылдарына беріліп отыр. Әртараптандыруға байланысты мақта мен майлы дақылдар алқабы 75 мың гектарға дейін азайтылды.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов