Көкпектінің шаруалары қардың суын кәдеге жаратады
Абай облысы Көкпекті ауданының шаруалары қар суын кәдеге жаратпақ.
Олар сай-саладан ағып келген мол суды жасанды тоғанға жинап алды. Енді жаздағы аптап ыстықта қолданады. Соңғы жылдары жауын-шашын аз болып, құрғақшылықтың зардабын тартқан өңір үшін бұл тиімді шешім, дейді фермерлер.
Көктемгі тасқын Көкпекті жұртына ауыр соқты. Кіндікті, Көкпекті өзендері тасып, екі ауылдық округке қауіп төнді. Дегенмен, ел болып жұмылып, бетін қайтарды.
Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары:
- Қиыншылықтың бәрін береке-бірлікпен ғана атқардық. Тасқын кезінде ауыр техника, шаруашылық қожалықтары болысты.
Болат Бекбердинов келген суды кәдеге жаратуды ойлады. Ірі агрохолдингті басқарып отырған ол, ет экспортымен айналысады. Малдың күйлі болуы азығына байланысты. Сондықтан биыл суармалы алқап мәселесін шешуде шаруа тасқын суды пайдаланбақшы. Енді жүгері де, жоңышқа да бітік шығарына сенімді. Фермер жасанды бассейндер көп болса, жер емген елге сеп болар еді дейді.
Болат Бекбердинов, шаруа қожалығының басшысы:
- Тіпті де үлкен су қоймасын салса, жылда келетін судың биыл кішкене ерекше келді. Бірақ жылда келетін судың өз көлемі бар. Оны санау оңай. Сол судың бәрін үлкен су қоймасына құйса, онда мен емес, біздің қожалық емес. Мына жерде қанша қожалық бар, бәрі пайдаланатын еді.
Еңбекқор азамат үш жасанды қоймаға 150 мың текше метрдей су жинап алды. Таудан ағып келген судың сапасы да жоғары. Жалпы ауылдағы ағайын биыл шөп тапшылығы болмайды деген үмітте.
Нұрбек Сүлейменов, ауыл тұрғыны:
- Шабындықтың бәрі алыс жерде жоғарғы жақтағы ауылдардан сұрап шауып жүретін. Биыл судың көптігіне байланысты шабындыққа жайылып, бұйырса, ауыл тұрғындары жақын жерден үйдің іргесінен деуге болады. Малдарының азығын дайындап, бір жақсылыққа кенелейін деп тұр.
Тасқыннан жиналған су есебінен ауыл шетіндегі 7 мың гектар шабындық алқабын көлдетіп суғару да қолға алынбақ. Қарғын судың қадірін білу құрғақшылықтан қиналмай шығуға көмектеседі, дейді фермерлер.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов