Қазақстан трансауған теміржол құрылысына қатысуға дайын
Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариның Ауғанстанға жасаған іссапары аясында белгілі болды.
Жоба Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жүк жеткізу уақытын 10 есеге қысқартуға, сондай-ақ оның тасымалдау құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстан бұл бағытта қажетті материалдарды жеткізуге және магистраль құрылысына қатысуға дайын. Соңғы үш жылда еліміздің Ауғанстанға экспорттық тасымалы тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен 2023 жылы темір жол арқылы тасымалдау көлемі 2,7 млн тоннаны құрады, оның 1,5 миллион тоннасы – ұн және астық. Алдағы жылдары экспорт мөлшері 40 пайызға ұлғаюы мүмкін. Бұл ретте 2030 жылға қарай көрсеткіш тағы 3 есеге артады деп күтілуде. Тараптар сондай-ақ қос ел арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мүмкіндіктерін де талқылады.