Болашақта жылу мен электрді сутегіден алуымыз мүмкін
Келешекте жылу электр станцияларының керек болмауы мүмкін.
Қазір Еуропадағы кей мемлекеттер жылуды сутегі өндіретін кәсіпорындардан алып отыр.
Біздің Энергетика министрлігі де сутегі энергетикасын дамыту бойынша 2040 жылға дейінгі тұжырымдама жобасын әзірледі. Бұл тұжырымдама электр энергиясы мен жылуды сутегіден өндіруді көздейді.
2040 жылға қарай сутегі энергетикасы экономиканың басым бөлігінде қолданылуы тиіс. Энергетика министрлігі арнайы тұжырымдама жобасын әзірледі. Қазір елдегі бірқатар кәсіпорын сутегі өндірісі жолға қойған. Алайда олар сутегіні мұнай мен газдан алып отыр.
Жанайдар Тоқсаба, ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің бас сарапшысы:
- Қазақстанда бірқатар зауытта, Атырау қаласында, Павлодар, Шымкент қаласында мұнай өңдеу зауыттарында сұр сутегі өндіріледі. Алайда бұл сутегі тек қана өз қажеттіліктеріне қолданылады. Бензинді гидротазарту үшін.
Тұжырымдаманы іске асыру мерзімі үш кезеңге бөлінген. Алғашқы 6 жылда сутегі өндірісін жолға қою мүмкіндіктері сараланып, зерттеледі. Одан кейінгі 6 жылда зерттеу нәтижелеріне сәйкес пилоттық жобалар қолға алынады. Ал соңғы алтыжылдықта жобалар қорытындысы бойынша ауқымды түрде жүзеге асырылмақ. Тіпті, жылу мен электрді сутегіден алуымыз мүмкін.
Жанайдар Тоқсаба, ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің бас сарапшысы:
- Электр энергетикасы саласын алатын болсақ, бұл сутегіні қолдану өте қымбатқа түседі. Дегенмен сутегіні қазіргі таңда мынау көлік саласында, тұрғын үй саласында қолдануға болады. Мысалға, Еуропаның кейбір мемлекеттерінде кішкене қалашықтар бүкілі сутегімен қамтамасыз етіліп, сутегімен жылу алады. Сондықтан, олар жылу беру станцияларынан бас тартқан.
Сутегі өндіру көзіне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Министрлік өкілінің айтуынша, бастапқыда «сұр» сутегіні өндіруге назар аударылады. Қазір әлемдегі сутегі өндірісінің 70 пайызы осы әдіске тиесілі. Бірақ, бұл технологияның қоршаған ортаға зияны көп. Сондықтан, келешекте жаңартылатын энергия көздерінен сутегі алуға баса көңіл бөлінбек.
Сұлтан Ыбырай, сарапшы:
- Кейбір елде электр көліктерінен бас тартпақ деген ойлар да бар. Оның орнына сутегі қолдану деген идеялар бар. Исландия 2050 жылы сутегі экономикасына көшеміз дейді. Сол сияқты біраз ел өздеріне жоспар құрып қойған сутегі экономикасына көшу деген. Сондықтан, бізге де басқа елдерден кенже қалып қоймайтындай жобаларды, әлемдік озық үлгілерді, озық тәжірибелерді қолданып, кеш қалмауымыз керек деген ойдамын.
2050 жылға қарай әлемдік сутегі нарығы 220 млрд долларға жетуі мүмкін. Сутегі экологиялық тиімділігімен қатар дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті азайтады.
Елде мамандар жеткілікті дейді сарапшылар. Тек, сутегіні тасымалдау, сақтау бойынша кадрларды даярлау қажет. Бүгінде Ақтаудағы Есенов университетінде бірнеше мамандық ашылды.
Нұрқанат Қанапия, Мерей Талап, 24.KZ