Егістік жер салығы қайта қаралады
Егістікке арналған жер салығы қайта қаралатын болды.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты. Себебі дербес мәртебеге ие болған қалаларда жер салығы бірнеше есе өсіп, шаруалардың еңбегі ақталмай жатыр. Мысалы, Шымкентте егіс алқаптары азайып кеткен.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Шымкентке мегаполис мәртебесі берілгеннен кейін ауылшаруашылығы мақсатындағы жер үшін салықтық төлем жүйесі де өзгертілді. Яғни әр гектарына 91 мың теңге шамасында есептеледі. Ал мына тұстан әрі қарай Түркістан облысының шаруалары бірыңғай салықтық жүйе бойынша 90 мен 160 теңгенің төңірегінде төлейді.
Шымкенттік шаруалар бұл өзгерісті есепшоты бұғатталғанда бір біліпті. Салдарынан 3 мың гектар жері бар қожалық иесі қазынаға миллиардаған сома қарыз болып шықты. Биыл банктік аударымдарға шектеу қойылғандықтан жердің 200 гектарына ғана мал азығы дақылын еккен.
Манасбай Бекбауов, шаруа қожалығының төрағасы:
- Миллиард дегенге де құлағымыз үйреніп қалды айта беретін болдық. 2 млрд қарызбыз. Бір фирманың өзі. Ал енді солай есептесек 57 мың гектар ауылшаруашылық жері бар біздің Шымкентте. Счеттың бәрі арестте болғаннан кейін біз ешнәрсе істей алмай қалдық.
Шаруа қожалығы 270 адамның пай үлесінен құрылған. Сондықтан жеңілдетілген жанар-жағармай, минералды тыңайтқыш пен ауыл шаруашылық техникасына субсидия қаралған. Алайда, есепшот бұғатталғаннан кейін, мемлекеттік бұл көмегінен де қағылған.
Манасбай Бекбауов, шаруа қожалығының төрағасы:
- 2-3 жылдың ішінде агро болмайды біздің Шымкент қаласында. Өйткені неге!? Мықты дегендер біз сияқты 3 мың гектарды игергендер былтыр мың-ақ гектар игерді. Ал биыл 500 гектар игеретін шығармыз. Ендігі жылы вообще қоямыз.
Жер салығы туралы жергілікті атқарушы билік те жақсы біледі. Биыл әкімдік тарапынан мәслихат депутаттарына ұсыныс жасалып, заңнама шеңберінде 50%-ке төмендетілді. Әрі қарай ауыл шаруашылық министрлігіне хат жолданған. Ведомство басшысы Айдарбек Сапаров өңірге жұмыс сапарымен арнайы келіп, шаруалардың мәселесі бірер айда шешілетінін жайт.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Бізге 1-2 ай уақыт керек оны жасауға. Мал шаруашылығы болсын, өсімдік шаруашылығы болсын бәріне бірдей болады. Ол қаланың бағасы болмайды. Бұрынғыдай болады болды. Субсидия да алады, жағдайлары да түзеледі.
Сала мамандары салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар қажет деп есептейді. Ал ауыл шаруашылық өнімін өндірушілер министр сапарынан оң нәтиже күтіп отыр. Әйтпесе шығынға батқан шаруа қожалықтар түгел тоқтауы мүмкін.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов