Балаңыздың қаржылық сауаты қандай?
Кәмпиттің қағазын ақша санап, дүкен ашып, сауда жасайтын балалық бәрінің басынан өткен шығар.
Ол кезде бұл ойын болғанымен, өсе келе қаржыны дұрыс ұстауға үйретудің бір тәсілі екенін түсіндік. Ал бүгінгінің балаларын бұл тәсіл қызықтыра ма? Қаржылық сауатын қалай ашамыз?
10 жастағы Әлтайырдың өз атында депозиті бар. Ай сайын ата-анасы берген ақшадан артылғанын сонда жинайды. Өзі валюта бағамын бақылап отырамын, ақшамды үнемдеп ұстаймын дейді.
Әлтайыр Олжасұлы, оқушы:
- Ай сайынғы өзіме алуым қажет заттарды шамамен қанша бағада тұратындығын қосып қағазға жазып отырамын. Барлығын есептеп, ортақ баға шығарып, анама көрсетемін. Өзіме экономикалық жаңалықтар қызық. Күнде валюта бағамын қарап, салыстырып отырамын. Ай сайын анам берген ақшаның артығын депозитке жинақтаймын. Есейген соң ол ақшаға өзімнің бизнесімді ашқым келеді.
Иә, Әлтайыр әзірге есептен жаңылған жоқ. Ақшасын қайда, неге жұмсау керегін біледі. Достарымен де бұл туралы көп сөйлесеміз дейді. Бүгінгі бала – ертең студент. Бірақ қазір елдегі 500 мыңға жуық студенттің несиесі бар. Оның ішінде 47 мыңы проблемалық несие. Мұндай жағдайдың алдын-алу үшін балаға жастайынан қаржылық сауатты үйрету қажет.
Сейфолла Смайлов, орта білім мазмұны институтының директоры:
- Бұл қазіргі таңда мектептерде бірнеше пән мазмұнды жүзеге асырылады. Оның ішінде бастауыш білім беру деңгейінде бірінші, төртінші сыныптарда ол дүниетану пәнінің мазмұнында қарастырылған. 5-9 сыныптарда ол жаһандық құзіреттілік оқу курсының мазмұнында қамтылады. 10-11 сыныптарда жаһандық құзіреттілік курсында және кәсіпкерлік бизнес негіздері пәнінің мазмұнында қарастырылады.
Алайда «Қарызсыз қоғам» ұйымы жүргізген сауалнамада ұстаздардың 80 пайызы «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында сауаттылықты оқытуға арналған оқулықтар мен әдебиеттердің жоқтығын айтқан.
Сейфолла Смайлов, орта білім мазмұны институтының директоры:
- Бұл деген жеке сабақ қылып енгізу мүмкіндігі жоқ деп айту керек. Өйткені бұл жерде біріншіден, білім алушылардың, яғни балалардың денсаулығын ойлау қажет. Қазіргі таңда оқу жүктемесіне жаңа пән енгізген бала денсаулығына зиян келтіреді.
Жеке пән болып енгізілмесе де, бүгінде мектеп ұстаздары арнайы курстан өтеді. Сол арқылы білген, түйген қаржылық сауат, депозит, карта, несие сынды ұғымдарды бала тіліне икемдеп, үйретеді.
Әйгерім Рызбаева, "Қарызсыз қоғам" жобасының қаржылық сарапшысы:
- Оқыту аясында балаларды қызықтыру үшін балаларға қызықты қаржылық әлемнің тілін қарапайым тілде балалар түсінетін деңгейде, олардың жас ерекшелігін ескере отырып, есеп шығару, екі өнімді салыстыру, инвестициялаудың қандай жолдары бар, жинақтаудың қандай жолдары бар, қандай жағдайда несиеге жүгінуге болады. Осы сияқты мәселелерді балалардың жасына сай етіп сабақ түрінде беріледі.
Бүгінде қаржылық сауаттың аздығынан сан соғып қалып жатқандар аз емес. Ойланбай қарыз алады. Ойланбай ақша жұмсайды. Әсіресе ақыл тоқтатпаған жастардың қызылды-жасылды жарнаманың арбауына оңай иілгіш келетіні осыдан.
Мұхамед Бағдатұлы, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру басқармасының бас маманы:
- Білім министрлігіне өзіміздің кеңесімізді айтамыз. Жалпы мектеп бағдарламасына қаржылық сауатталықтан бөлек, қаржылық алаяқтық деген курсты қосса. Мысал ретінде Жапонияда бастауыш сыныптың оқушылары киберқауіпсіздік деген не екенін кішкентай кезінен бастап біледі, үйренеді. Сол себепті біздің елде қолданыста болса екен деген үмітіміз бар.
Бірінші кредиттік бюроның 2023 жылға қорытындысы бойынша елде 9 млн-нан астам халық еңбекке жарамды болса, оның 8,6 миллионында банктер мен басқа да қаржы институттарына қарызы бар. Ал дәл сол жылдың есебі бойынша қазақстандықтардың қаржылық сауатының деңгейі – 40,5 пайызды көрсеткен.
Зарина Кәп, Ырыстанбек Оспанов, 24.KZ