Қостанай автомобиль көлігі колледжінің базасында кәсіби құзырет орталығы ашылды
Қостанай автомобиль көлігі колледжінің базасында кәсіби құзырет орталығы ашылды.
Ол жерде болашақ мамандар машина жасаудың қыр-сырын меңгереді. Автозауыттың шағын көшірмесі іспетті орталықта кәдімгі көлік құрастырудың технологиялық желісі орнатылған. Студенттер машинаның ұсақ тораптарын дәнекерлеп, бояп, өз қолымен жинайды.
Бекзат Серіков автомобиль көлігі колледжінің 3 курс студенті. Мамандығы техник-механик. Көзбен көріп, қолмен ұстап, кәсіби біліктілікті ұштайтын осындай орталықтың ашылғанына ол дән риза.
Бекзат Серіков, автомобиль көлігі колледжінің студенті:
- Бұл кішігірім завод осы колледжімізде ашылып жатыр. Мұнда балалар тек қана теориялық тұрғыда емес, практикалық тұрғыда да мынау барлық машинаны қолмен ұстап, үйреніп, заводқа барғанда тезірек+завод жұмыстарын игеріп кетеді.
Колледж аясында кәсіби құзырет орталығының ашылу салтанатына облыстық әкімдік, оқу орындарының өкілдері, автозауыт басшылығы қатысты. Еліміздегі машина жасау саласындағы көшбасшы Қостанай өңірі үшін бұл орталықтың маңызы зор.Автоөндіріс жылдан-жылға өріс алып, білікті мамандарға сұраныс артып келеді.
Махаббат Ермағанбетова, автозауыттың өндірістік оқыту бөлімінің басшысы:
- Қазақстан бойынша тек осында ғана нақты бір бағытта мамандарды оқытады. Елімізде техникалық инженерлерді дайындайтын жоғары оқу орындары, колледждер бар. Ал бізге қажетті автодәнекерлеуші, бояушы, ұсақ тораптарды құрастыратын мамандарды табу қиын. Сондықтан колледж базасында осындай орталық ашқанды жөн көрдік.
Колледждің спортзалын кәсіби құзырет орталығына айналудыруға автозауыт 140 миллион тенге жұмсады. Жабдықталуы ғана емес, іші де кәсіпорын цехына ұқсайды.
Виталий Христ, автозауыттың операциялық директоры:
- Жұмыс орынын ұйымдастыруға аса мән берілді. Тиісті құрал-жабдықтарды пайдаланып, өндірістік технологияны игеру үшін мұндағы процесс зауыт жағдайына жақындатылды. Бұл түлектердің автоөндіріске тез бейімделуіне үлкен сеп.
Көліктің ұсақ тораптарын жинау бөлімінде қазір 25 студент оқып жатыр. Биыл олардың саны екі есе көбейді.
Дмитрий Павленко, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры:
- Биыл тағы екі топ қабылдаймыз. «Аллюр» және салынып «Кіа» автозауытына мамандар қажет. Солардың сұранысына сай студенттер санын көбейтуіміз мүмкін. Облыстық әкімдік бізге қосымша ғимарат берді.
Қазіргі кезде автоколледжде 1400 адам тегін білім алып жатыр. Оқу орыны түлектерінің 80 проценттен астамы машина жасау саласында жұмыс істейді.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров