Диқандар тыңайтқыштың жетіспеушілігіне шағымданды
Диқандар отандық зауыттарда тыңайтқыш жетіспеушілігіне шағымданды.
Осы себепті үкімет басшысы Олжас Бектенов өңір әкімдіктеріне тыңайтқыш пен дизель отынын жеңілдікпен жеткізуді жеделдетуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл тыңайтқыштың 1,5 млн тоннасы қолданылмақ. Оның 900 мың тоннасы отандық зауыттарға тиесілі. Ал, биыл егіс алаңы 23,8 млн гектарды құрайды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру тапсырмасына сәйкес, бидай алқабы былтырғыға қарағанда 426 мың гектарға қысқарды. Жалпы көлемі 13 мың гектар. Сондай-ақ, суды көп қажет ететін дақылдар да биыл аз егіледі. Мәселен, мақта 16 мың, күріш алқабы 12 мың гектарға қысқартылады.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Бүгінгі таңда еліміздің кей өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізілуде. 1,5 млн га егілді. Ал жаппай егіс науқаны ағымдағы жылдың мамыр айының екінші он күндігінде басталады. Көктемгі дала жұмыстары кезіндегі ауа райы Қазгидрометтің хабарлауыншга, республиканың көптеген аумақтарында ауа райы оңтайлы. Сондай-ақ фермерлер ылғалды сақтау бойынша жұмыстар жүргізуде.