Қазақстан ОА елдерімен сауда-саттықты екі есе ұлғайтуды көздейді

Қазақстан Орталық Азия елдерімен сауда-саттықты екі есе ұлғайтуды көздейді.

Бұл мақсатта осы саланы цифрландырып, көлік-логистика, үйлестіру, сауда ережелеріндегі түйткілді мәселелерді жеңілдету қажет. Сонымен қатар Дүниежүзілік сауда ұйымының стандартын енгізу де ұсынылды. Бұл туралы XIII Орталық Азиялық сауда форумында айтылды. Іс-шараға Азия, Еуропа елдерінен және АҚШ-тан келген 300-ден аса мемлекеттік мекеме өкілдері мен бизнесмен қатысты. Алматыда өткен жиынды ұйымдастыруға АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі мұрындық болған. Форум аясында көрме ұйымдастырылып, 40-тан аса отандық және шетелдік көмпания өнімдерін көрсетті. Айта кетейік, былтыр еліміздің Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 7,7 млрд долларға жеткен. Ендігі мақсат осы көрсеткішті ұлғайту.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:

- Енді осы 5-10 жылдың шамасында біз осы сауданы екі есеге өсіруге мақсат қойып отырмыз. Мысалы айтсақ Өзбекстанмен 10 млрд долларға тауар айналымын жеткізу. Қырғызстанмен 3 млрд долларға, Тәжікстанмен 2 млрд долларға және тағы басқа мемлекеттермен де Орталық Азиядағы сауданы дамыту мақсатын қойып отырмыз.