Тасқыннан соң. Кәсіпкерлерге өтемақы беріле бастады

Ақтөбе облысында тасқыннан 185 кәсіпкер зиян шекті. Шығын 4 миллиард теңгеге жуықтайды.

Бірақ бұл көрсеткіш әлі де өзгеруі мүмкін. Қазір арнайы комиссия су басқан бизнес нысандарды аралап, бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұл қала шетіндегі балалар лагері. Қар еріп, Қарғалы өзені тасығанда осындағы медициналық пункт аман қалып, қалған ғимараттың бәріне су кірген. Тұрмыстық техникалар мен жиһаздар бүлінді. Зор шығын келді. Ал лагерь маусымын ашатын уақыт болса таяп қалды.

Қанат Жадырасынов, кәсіпкер:

- Қазір өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бір ауысымда 300 бала қабылдауға мүмкіндігіміз жетеді. Су тасқынынан келген залалды анықтауға екі компания жұмылдырылды. Бірі қарғын судың ғимаратқа тигізген әсерін, ал екіншісі мүліктік шығынды есептейді. Сол себепті мемлекеттен қолдау болатынына үміттіміз.

Көктемгі тасқын кезінде су астында қалған бизнес субъектілерінің басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан. Ал облыс орталығының өзінде 45 кәсіпкерлік нысанға 1 миллиардтан астам теңге залал келген.

Рахат Тәжібаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда кейбір ауыл әлі де су ортасында тұрғандықтан, ол жерде қандай зардап шеккенін анықтау мүмкін емес. Әйтеке би ауданы, Ырғыз ауданы бар бізде, сонымен қатар Ойыл бар зардап шеккен. Мал шаруашылығы, шаруа қожалығы деп бөліп те айта алмаймыз. Бұл жерде егіс алқаптары бар, одан бөлек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар. Әрине, оны комиссия шешеді. Бағалау жасайды. Қандай сумма болатыны белгісіз, көп болуы мүмкін немесе аз болуы да мүмкін.

Нақты неше кәсіпкердің шығынға батқанын арнайы комиссия анықтайды. Оның құрамында ұлттық палата өкілдері де бар. Залал көлемі белгілі болғанда бюджеттен ақша бөлініп, қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар салық органдары тарапынан жеңілдіктер де қарастырылады.

Жансерік Қазбеков, мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

- Бюджетке төленетін міндетті төлемдер және әлеуметтік төлемдер 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды. Одан бөлек, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап, 30 наурызына дейінгі кезеңде басталған салықтық есеп тапсыру мерзімі 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін ауыстырылды.

Қазір өңірдегі жағдай қалыпты. Тек Ырғыз ауданында Торғай өзенінің тасуынан екі ауылға қауіп төніп тұр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев6 24.KZ, Ақтөбе