Қызылордалықтарға өзге облыстардан бос жұмыс орындары ұсынылды

Қызылордалықтарға Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 3 жарым мың бос жұмыс орны ұсынылды.

Бұл аймақтарға ерікті түрде көшуге 6 мыңдай адамға квота берілді. Қазір Орталық, Шығыс және Солтүстік өңірлерде мұғалім, дәрігер және құрылысшылар тапшы. Қызмет бабымен қоныс аударуға ниет білдіргендер бағдарлама аясындағы жеңілдіктермен танысып, қайтарымсыз грант беруде туындайтын сұрақтарға жауап алды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі облыстың барлық ауданында өтеді.

Ғазиз Құттымұратов, қала тұрғыны:

- Мемлекеттің оңтүстіктен солтүстікке еркін түрде көшу бағдарламасына ілігіп, сол жақта келіншегім екеуміздің айналысып жатқан кәсібіміз шаштараз саласын дамытсам ба деймін солтүстік өңірге барып. Барғаннан кейін бір жыл пәтерімді төлеп береді. Бір жылдың ішінде үй алатын болсам үйіңніңs 50 пайызын төлеп береміз деді. Басқа да бұрын оқыған диплом болса ол мамандықпен де жұмысқа қоя аламыз деді.

Ғабит Жаңабаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Кез келген студент, оқуын бітіруші, жұмыссыз азамат «Еңбек KZ» порталы арқылы кез-келген облыстың вакансиясын, ол жақтағы бос жұмыстарды, айлығы қанша, қандай еңбек жағдайы жасалғанын біле алады.