Дайын өнім. Экспорт еселеп өсті
Бүгінде Қазақстанда өндірілген дайын тауарлар әлемнің 135 елінде саудаланады.
Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.
Әсіресе, соңғы екі жылда Оңтүстік Азияға экспортталатын шикізаттық емес тауар көлемі артқан. Мысалы, Қытайға жеткізілетін өнім көлемі 8, Оңтүстік Кореяға 26, ал Въетнамға 46 пайызға ұлғайды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, экспорттағы негізгі басымдық Қытай нарығына беріліп отыр. Атап айтқанда, орташа мерзімге межеленген мақсат – шығыстағы көршіге тауар тасымалының көлемін 12,5 млрд долларға жеткізу.
Жалпы 2029 жылға белгіленген меже – экспорт көрсеткішін 45 млрд долларға жеткізу болатын. Оның ішінде, қызмет көрсету экспортының салмақты үлесі бар. Былтыр бұл саладағы сыртқы сауданың көлемі 10 млрд доллардан асыпты.
IT, мұнай газ саласындағы сервис, медицина сияқты қызмет түрін экспорттайтын 320 сервистік компания бар. Жалпы, сыртқа саудаланатын шикізаттық емес тауар саны 6 мыңнан асып жығылады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов құзырлы органдарға дайын тауар экспортын әртараптандыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.