12 мыңға жуық адам банкрот болып танылды
Біздің елде 11 мың 800-ден астам адам банкрот деп танылды.
Олардың жалпы берешегі 25 млрд теңгеден асады. Соңғы бір жылда төлем қабілеті нашарлаған 97 мың азамат соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш берген. Тағы 5 мыңнан астам өтініш қаралып жатыр. Нақты жауабы 6 ай тексерістен кейін белгілі болады.
Ресми түрде «банкрот» статусын алмай жатып, арызын қайтарып алғандар да болған. Бір жылда 1000-ға жуық адам өз өтінішін кері қайтарыпты. Себебі, «Банкрот» деп танылған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды. Сондай-ақ оның қаржылық жағдайына 3 жыл бойы бақылау жүргізіледі.
Меруерт Сейсембаева, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
- Бүгінде осы рәсімдерге қатысты бірқатар түзетулер ұсынылып отыр. Бұған дейін азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі мерзімі бір жылдан асқан қарызы бар азаматтарға ғана қолданылған. Ал түзетулер бойынша несиелерін төлеу кезінде қиындықтар туған жағдайда бір жылдық мерзімді күтпей-ақ, өтініш бере алады. Жалпы осы жылдың басынан бері 3600 адам банкрот деп танылды. Олардың жалпы берешегі 9 млрд теңгеден асады.
Ал Қаржы министрі Мәди Тәкиев халық арасында банкроттық бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ведомствоның дерегінше заңға екінші деңгейлі банктермен реттеу бойынша құжат қосымшаларын алып тастаумен қатар берешек сомасын мен кредиторды көрсетуді талап етпеу, өлшемшарттады кеңейту бойынша өзгертулер әзірленіп жатыр.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
- Егер де адам банкрот деп танылатын болса, шетелге шығу, қосымша несие алуға қатысты бірқатар шектеу бар. Сондықтан біз осыған қатысты заңнамалық деңгейде кейбір құжаттарды алып тастап отырмыз. Бұл жеке тұлғаларға өтінішті берген кезде қолайлы жағдай жасау мақсатында жасалып отыр.
Осыған дейін соттан тыс банкроттық рәсіміне құжат тапсырған 80 мың адамның өтініші кері қайтарылды.
Банкроттыққа өтініш бергендер қатарында Түркістан облысының тұрғындары көш басында. Алматы облысы, Алматы қаласы, Жамбыл облысы мен Қызылорда облысы тұрғындарынан банкроттыққа ең көп өтініш түскен.
Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:
- Банктер мен микроқаржылық ұйымдар, банкроттық туралы Заңның тетіктерін құптамайды. Өйткені- бұл жерде барлық қарыздарды есептен шығару банктердің өздеріне жүктеледі. Сонымен қатар банкроттыққа қатысты ұсыныстарымыз да бар. Мәселен қазір 21 жасқа толмаған жастар да онлайн несиеге өтініш беретіні жасырын емес. Сондықтан біз 21 жастан 63 жасқа дейінгі жас шегін бекіту керек деп отырмыз.
Сонымен бірге соттан тыс немесе сот тәртібімен банкроттық рәсімдері қолданылғанға дейін үш жыл ішінде мүлкі жасырылған, сондай-ақ қасақана банкроттық фактілері болған жағдайда бұл рәсім тоқтатылады. Бүгінде 5 мың адамның өтініші әлі қаралып жатыр. Бұдан былай соттан тыс банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіру жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілмек. Қазір құжат парламент қарауында.
Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев