Азынабай-Тайпақ арнасы жаңғырады
Батыс Қазақстан облысында шабындық пен көл табандарына су жеткізу мақсатында бірқатар жоба қолға алынды, деп хабарлайды 24KZ.
Соның бірі – Жайық-Шалқар және Ащы-Азынабай-Тайпақ арнасын жаңғырту.
Осы арқылы Жайықтың сол жағалауындағы 300 мың гектар алқапты игеруге мүмкіндік пайда болады. Қазір қожалықтардың көбі Жайықты жағалап, жайылымнан қиындық көріп отыр.
Ақжайық ауданында 18 ауылдық округ болса, соның жетеуі Жайықтың сол жағалауында орналасқан. Осы Бұқар бетте 300 мың гектардай жер бос жатыр. Малға су болмағасын қожалықтар далаға қыстақ тұрғызып, қора-қопсы салмайды. Малын ауыл ішінде ұстап, тұрғындарға тиесілі жайылымға ортақтасады.
Жоламан Жұмабек, Есім ауылының тұрғыны:
- Биыл деген су келіп жатыр Жайықтан. Жылда деген қырда су болмайды. Малдың бәрін осы Жайыққа әкеліп, айдап суарамыз. Су болмағасын мал қыстақтары болмайды ғой. Қыстыгүні қар жоқ, су жоқ, сосын малдың бәрін Жайыққа айдайды ғой.
Базаршолан мен бұрын елді мекен болған Жаманқұдықтың арасы 60 шақырым. Оның аралығында бір ғана қыстақ бар. Осында туып-өскен Есқали Шымыров атақонысты қимағасын амалсыз отырғанын айтады. 400-дей сиыр мен жылқыға суды Жайықтан тасиды. Құдық қазғанымен, ащы су шығады.
Есқали Шымыров, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Осы жерден 23 шақырымнан машинамен тасып, осында құямыз, сосын малға құямыз. Сол, тасып суарамыз, басқа су жоқ бізде. 2-3 рейс жасаймыз. Қайда барады су болмағасын, мал ұстау қиын. Осы Базаршоланда жалғыз мен қалған. Қалғаны бәрі көшіп кетті. Ферма болды, ол да көшіп кетті, сол су болмағасын.
Бұрын су Азынабай-Тайпақ каналымен Жайық өзенінен келген. Алайда қараусыз қалғандықтан, қазір арна бітеліп, қамыс-қоға өсіп, қақпалары қолды болған. Биыл тасқын болғасын суға толды.
Артур Ермұқанов, Ақжайық аудандық мәслихат депутаты:
- Мал шаруашылығын дамытқысы келетін азаматтар осы жерге келіп қоныстанып, малдарын өсіруге ниетті. Тек қолбайлау болып отырған малды суару мәселесі.
Қиындықтан құтқарар жол – Жайық-Шалқар каналын жаңғырып, Ащы-Азынабай және Азынабай-Тайпақ каналын реконструкциялау. Қазір бұл жұмыстардың екінші бөлігі аяқталды.
Фариза Есқалиева, табиғи ресурстар басқармасының бас маманы:
- Жайық-Шалқар каналдарына келетін болсақ, Ақжайық ауылы тұсында Жайықтан су алу үшін 8 метр куб шығын бар сорғы стансы құрылысы көзделген және 95 шақырым канал арнасын тазарту, ондағы құрылымдардың барлығын қайта жөндеу жоспарланған. Бұл жобаның қазіргі уақытта құны – 4,8 млрд теңге. Облыстық бюджеттен биылғы жылға 476 млн теңге бөлінді.
Жайық-Шалқар және Ащы-Азынабай-Тайпақ каналдарын жаңғырту арқылы 300 мың гектардай жерді игеріп, мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік пайда болмақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э, Аюпов.