Таразда 11 инвестициялық жоба тоқтап тұр

Таразда 11 инвестициялық жоба басталмай жатып тоқтады. Өйткені осы зауыттар салынатын индустриялық аймақта ешқандай инфрақұрылым жоқ, деп хабарлайды 24KZ.

Жергілікті билік инвесторларға жерді беруін берген. Бірақ құрылысты бастауға ол жерде не жарық, не су жоқ. Мәселе енді қашан шешіледі?

Мерей Бает, тілші:

- Мына тыңайтқыш зауыты жыл басында ашылып 40 адамды жұмыспен қамтуы тиіс болған. Сөйтіп жылына 9 мың тонна өнім шығару жоспарланған. Ал жанындағы бос жерге инвесторлар тігін фабрикасын саламыз деп жоспар құрған. Бірақ бастапқыда қарқынды басталған құрылыс инфрақұрылымның жоқтығынан жарты жолдан тоқтап қалды.

Айнұр Тастанова 2022 жылы өзбекстандық инвесторлармен бірігіп, Тараздан қос зауыттың құрылысын бастады. Жергілікті билік 265 миллион теңгенің жобасына арнап индустриялық аймақтан 2 гектар жер берген. Бірақ әкімдік бөлген жердің бір бөлігі қызыл аймаққа түсіп, жарты гектарын кері қайтарып алады. Бұл мәселенің басы ғана. Инвесторларды қолдау орталығы: «зауыт салынса, инфрақұрылыммен қамтимыз», – деп мәлімдеген. Бірақ оның бірі жоқ.

Айнұр Тастанова, инвестициялық компания өкілі:

- Алғашқы уақытта инфрақұрылымның барлығы бізге беріледі деп айтылды. Сол себепті біз құрылысты бастап кеттік. 100 миллион теңгеге жуық қаржы салынды. Біз 2024 жылдың наурызында ашылуымыз керек еді. Бірақ инрақұрылымның жоқтығынан біздің жұмысымыз тоқтап тұр. Осындай үлкен тігін цехын қолдау керек мемлекет. Бұндай біздің Таразда жоқтың қасы.

Инвесторлар жұмысын жалғастыру үшін газды өз қаржысына тартуға мәжбүр болған. Сөйтіп, жауаптылар табиғи газға қосылу үшін 1 шақырым жердегі орталықтандырылған жүйеге рұқсат берген. Бір қызығы, негізгі желіге қосылар кезде бүкіл қала көгілдір отыннан бір сәтке ажырауы тиіс екен. Бұл кәсіпкер үшін қымбат болғандықтан, прокуратураға шағымданады. Ал қадағалаушы орган өкілдері 260 метр жердегі газ желісіне еш қиындықсыз қосылуға болатынын анықтаған.

Талғат Қожабек, Тараз қаласы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры:

- Газ құбыры нүктесін жақындату салдарынан 7 миллион теңгеге қаражаттарын үнемдеді. Екінші мәселе, прокуратураның аралаусымен жер учаскелерінің біз проблемаларын шешіп, қадағалау актісінің нәтижесімен әкімдіктің 1 қызметкері жазаға тартылды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мамандары мәселенің барын растап отыр. Қала аумағында зауыттарға арналған 186 гектарлық индустриялық аймақ бар. Бірақ еш жеріне инфрақұрылым тартылмаған, – дейді жауаптылар.

Садыр Тұрсынбеков, индустриялық аймақты басқарушы компанияның бас инженері:

- Жобалық-сметалық құжаттама бітті. Сараптама қорытындысы бітті, алынды, «положительный» шықты. Бүгінгі күнде құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып, бюджеттік өтінім республикаға дайындалып жатыр. Құдай қаласа, осы жылдың аяғы немесе келесі жылға дейін шешілетін шығар деп жатырмыз. Неге десе, жобалық құжаттама бітті. 50% жұмыс бітті деген сөз.

Бүгінде инфрақұрылым болмай, 11 инвестордың жобасы тоқтап тұр. Ал индустриялық аймақтың бар аумағына коммуналдық желілерді тарту үшін 8 миллиард теңге қажет. Қаржы биыл бөлінсе, жауаптылар жаңа жобаларға су, кәріз, жарық, газ бен жол, тіпті интернетіне дейін тартып бермек.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.