Терінің 95%-і сыртқа кетіп жатыр

Әдемі тон, сапалы аяқ киім киюді кім ұнатпайды? Алайда бәсі де, бағасы да жоғары өнімдерді өзімізде өндіре алмай отырғанымыз өкінішті.

Өйткені елімізде әлі күнге дейін теріні кәдеге жарату бір жолға қойылмаған. Мал терісін өңдеушілер мен отандық аяқ киім өндірушілердің арасында өзіндік нарық қалыптаспағаны да саланың серпін алмауына себеп. Салдарынан көрші елдің нарығына көз сүзіп, өзге елдердің өнеркәсібін өрге домалатып отырмыз.

Кәсіпкер Асылбек Әйкенов жылқы мен ірі қара терісін кәдеге жаратудың жолын тапты. Кәсіпкер шикізатты терең өңдеу арқылы жоғары ақуызды қоспа жасайды. Шағын зауытта айына 200 тонна мал азығы дайындалады. Тың жоба ғылыми қордан қолдау тауып, 350 млн теңге грант бөлінді. Табиғи таза өнім әзірге Ақмола, Павлодар, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында сатылады. Ендігі сұраныс алыс-жақын шетелдерден түсіп жатыр.

Асылбек Әйкенов, тері өңдеу зауытының директоры:

- Біздің қоспамен ірі қара малы тәулігіне 1,5-2,5 келі қосты. Құс та тиісті көрсеткіштен 317 грамға артық салмақ жинады. Өйткені бұл – экологиялық таза өнім. Ендігі жоспар – өндірісті дамытып, қайта өңдеу кешенін салу. Оған шикізат өте көп.

Өкініштісі, бұл – шикізаттан дайын өнім шығарып отырған Қазақстандағы санаулы кәсіпорынның бірі. Ал тері өндірісінің әлеуеті зор болғанымен, серпінді дамыған салаға айнала алмай келеді. Елдегі өндірістердің әлі де болса шаруасы шатқаяқтап тұр.

Айталық, қазірде Алматы, Қордай, Шымкент, Екібастұз және Семей қалаларында жұмыс істеп тұрған тері зауыттары бар. Осы кәсіпорындарда жылына 1 млн 200 мың немесе 24-26 мың тонна ірі қара мал терісі иленеді. Бұл зауыттардың қуаттылығын екі есеге дейін арттырып, өңделетін тері санын 2,5 млн-ға дейін жеткізуге болады. Алайда бұған кәсіпорындардың қаржылық мүмкіндігі қолбайлау болып отыр.

Бақытжан Момбеков, «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы:

- Тері өңдеу саласындағы проблемалардың бірі – қаражат алу проблемалары. Қазіргі тері өңдеу кәсіпорындары қаражат ала алмай жатыр. Себебі олар кепіл қою керек. Кепілдік қою мәселесі қиын болып тұр. Осы жолдарды іздестіріп жатырмыз.

Саланың өрге баспауына өзге елдердің өнеркәсібіне тәуелділігіміз себеп. Ішкі нарықта сұраныс болмағандықтан, сойылған мал терісі көрші елдерге сатылып кетіп жатыр. Қазақстанда теріден аяқ киім, былғары өнімдер, басқа да киім-кешек түрлерін шығаратын отандық өндірушілер жоқтың қасы. Сол себепті жыл сайын миллион тоннадан  астам тері шикізат күйінде шекара асырылады.

Нұрман Нүптекеев, ірі қара және қой терісін өңдеушілер қауымдастығының төрағасы:

- Жеңіл өнеркәсіп саласына дейін жеткізіп, аяқ киім қылып тігіп, өзіміздің нарығымызда бағалап жеткізсек, сонда біздің терімізге сұраныс болады. Өндіріп жатқан өнімнің 95%-і сыртқа кетіп жатыр. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы фиништік деңгейге жеткізсек, сұраныс пайда болса, ешқандай да сыртқы нарыққа тәуелді болмас едік. Қазір біз сыртқы нарыққа тәуелді болғанымен, бағаны да қоя алмаймыз.

Сарапшылар: «Тері өңдеу саласын инвестициялық субсидиялау, лизинг және жеңілдетілген несие бағдарламаларына қосу керек», – дейді. Өйткені қаражаттың тапшылығы саланың дамуын тежеп отыр. Өз кезегінде тері өңдеу мәселесі жолға қойылса, жеңіл өнеркәсіптің де жаңа тынысы ашылар еді.