Инвестиция және әріптестік: Қазақстан мен БАӘ сарапшылары бас қосты. LIVE
Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнесмендеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып жатыр.
Астана халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырған іс-шараға 100-ден астам компания, инвестициялық банктер мен консалтингтік фирмалар қатысып жатыр.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Негізгі жаңалық – Astana International Exchange-дің ресми түрде Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылуы. Негізгі келісім былтыр орнаған еді, енді ресми түрде Қазақстан бұл цифрлық биржамен жұмыс істей алады.
Бұл тауар, валюта, құнды қағаздар алмасу механизмін жеңілдетеді. Брокерлік компаниялардың өзара қаржы құралдар алмасуына оңай. Tabadul – Араб Әмірліктерінде құрылған бірінші цифрлық биржа. Ол бүгінге дейін Бахрейн және Оманның биржалық нарықтарымен аралық сауда жасап отыр.
Қазір болып жатқан AIFC Connect-те Қазақстан мен Араб Әмірліктері сарапшылары капитал нарығының даму перспективасын, Орталық Азия өңіріндегі қаржылық қызметтер мен өзгерістерді талқылап отыр.
Заабия Гупта, S&P Global Ratings тәуелсіз рейтингтер жөніндегі директоры:
- Жоспарланған экономикалық реформалар мен елеулі резервтер экономикалық қиындықтар мен жоғары сыртқы қарыздарға қарамастан Қазақстанның рейтингін қолдайды. Рейтингті жақсарту тиімді фискалдық және ақша-несие саясатының арқасында мүмкін болады. Реформаларды жүзеге асыру және икемді экономикалық саясат тұрақты өсуге қол жеткізуге және Қазақстанның әлемдік аренадағы ұстанымын нығайтуға көмектеседі.
2005 жылдан бері Араб Әмірліктерінен Қазақстанға 4,1 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция жасалған. Өткен жылы бұл елмен тауар айналымы жуықтап алғанда 329 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінгі таңда Астана халықаралық қаржы орталығына Біріккен Араб Әмірліктерінен 33 компания тіркелген. Олар холдингтік компаниялар, жобалау, құрылыс және қызмет көрсету, ақпараттық технологиялар, маркетинг және бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу жөніндегі кәсіпорындар ретінде жұмыс істейді.