Қазақстан Орталық Азия нарығына шығатын негізгі қақпа – Януш Войцеховский

Қазақстанға алғаш рет Еуроодақтың азық-түлік миссиясы іссапармен келді, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгін отандық өндірушілер мен Еуроодақтың бизнесмендері Алматыда кездесіп, ынтымақтастықты одан ары дамытуды талқылады. «Қазақстан Еуроодақтың азық-түлік және сусын өндірушілері үшін Орталық Азия нарығына шығатын негізгі қақпа», - дейді Еуропалық ауылшаруашылық комиссары Януш Войчеховский. Ал, Қазақстаннан Еуроодақ елдеріне бидай, зығыр, рапс тұқымдары, өңделген дәнді дақылдар экспортталады. «Мұндай іскерлік кездесу еуропалық және қазақстандық бизнес арасындағы байланыстарды нығайтып, агроазық-түлік саудасын ілгерілетуге мүмкіндік береді»,- дейді қатысушылар.

Януш Войцеховский, Еуропалық ауылшаруашылық комиссары:

- Бізді бұл жерде қызықтыратын нәрсе – өнімдердің географиялық ерекшелігі. Мысалы, Алматыда апорт алмасы бар, бұл жергілікті өнім өте танымал. Сол сияқты Еуропада да өз өнімдеріміз бар. Біз үшін маңыздысы – Еуроодақ пен Қазақстан кәсіпкерлері арасында келешегі зор болатын байланыстарды құру. Ал нәтижесін одан кейін көреміз.

Гүлзира Алғазина, кәсіпкер:

- Алматы қаласында табиғи шырын шығарамыз. Біз жаңадан бастап жатқандықтан бұл жерге келген мақсатым  – сол кісілерден, Еуропадан келген кәсіпкерлерден тәжірибе алмасу, сосын шикізат іздеу. Өйткені өндіріс ұлғайған сайын бізде шикізат жетіспейді.