Шығыста туризмнен табысын жасырған кәсіпкерлер айыппұл арқалайды
Шығыс Қазақстандағы демалыс орындары былтыр 1,5 миллиард теңгеден аса салық төлеген.
Бірақ мамандар айтуынша, кәсіпкерлер пайдасын жасырмаса, бюджеттің кірісі бұдан әлдеқайда көп болар еді.
Салық қызметкерлері туристік маусым басталмай тұрып, жер-жерді аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кірісті. Алдымен адам аяғы арылмайтын Үлкен Нарын, Қатон-Қарағай аудандарындағы туристік орындарды аралады.
Салық қызметкерлерінің Қатон-Қарағай мен Үлкен Нарынға ат басын тіреуінің басты себебі мұнда 60-тан аса туристік база жұмыс істейді. Өткен жазда 150 мың адам кеп демалды. Алайда шын мәнінде бұл көрсеткіш бұдан да көп болуы ықтимал. Салықшылар осы заңсыздықтың алдын алмақшы. Олардың айтуынша,кейбір кәсіп иелері көзге ұрып тұрған деректі жоққа шығарады.
Сайранқан Қабыш, ШҚО кірістер департаменті басшысының орынбасары:
- Бір-екі мысал айтып кетейін. Жаңағы көлдің жағасында демалыс орындары бес үй салып қойған. 5 үйге барсақ, мынау бәрі менікі емес дейді. Мен ешкімге здавать етпеймін, туыстарыма қызмет көрсетемін дейді. Енді ондай болуы мүмкін емес қой.
Мамандардың сөзінше,саладағы кәсіпкерлер бірнеше жыл қатарынан жарияланған мораторийді асыра пайдаланып, босаңсып кеткен. Алайда заңсыздықтың түбі үлкен шығынға апарады. Ауқымды айыппұл салынып, жасырын табыс толықтай бюджет есебіне тәркіленеді. Ал ашық жұмыс істеймін деген адамға қазір мүмкіндік көп.
Өміржан Сайлаубеков, кәсіпкер:
- Бұрын ауылдан осы Аудан орталығына әкеп декларация тапсыру үшін келетінбіз. Қазір мобильдік приложения жүктеп, сол арқылы халық тапсырып үйреніп жатыр. Біз де өзіміз сол приложения мен тапсырып үйреніп жатырмыз.
Жандос Ахмадиевтің туристік база ашқанына 4 жыл болды. Маусымда 3-4 мың адамға дейін қабылдайды. Бір тиынымды жасырмай көрсетіп келемін дейді. Кәсібі де осында тіркелген. Басты мақсаты туған өлкесін дамыту.
Жандос Ахмадиев, туристік база директоры:
- Осы мекенде орналасқан тіркелген осы салықтың бәрін осында төлеп жүрміз. Міндетіміз басты мақсатымыз осы бюджетке түскен ақшаның бәрі ауданында қалса екен деген ой. Біздің ойымыз сол. Осы оймен ары қарай жергілікті жерде халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз.
Жалпы облыста 307 демалыс орыны бар. Салық мамандары енді Самар, Ұлан аудандарын аралайды. Тіпті әрбір демалыс базасына барып түсіндірме парақшасын таратпақ.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов