Экономикалық контрабанда үшін айыппұл артты

Қоғамға қауіп төндірмейтін экономикалық құқық бұзушылықтар Қылмыстық кодекстен алынып тасталады.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспан мәлімдеді. Мәжіліс тиісті заңды Әкімшілік құқық бұзушылық кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ экономикалық контрабанда мен кедендік салықтарды төлеуден жалтаруға қатысты айыппұлдар көлемі артты. Соған сәйкес Қылмыстық кодекстің 234-бабы бойынша жауапкершілік 10 мың айлық есептік көрсеткіштен 20 мың айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылады. Депутат бұл Заң жобасы ұлттық бизнес қауымдастықтың мүддесін қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Депутаттар Қылмыстық кодекстің 234 және 236 баптары бойынша қылмыстық жауаптылықтың басталу шегін ұлғайтты. Атап айтқанда, бұл баптарды қылмыстық сипаттан арылту белгілі бір жаза үшін қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетуді көздейтіндіктен біз ол баптар бойынша санкцияларды да қайта қарастырдық. Ал 236-бап бойынша біз санкцияларға тиіспей тек міндетті тәркілеуді алып тастадық. Өйткені баптың өзінде кедендік баждардан жалтарғаны үшін жауаптылық көзделген. Бұл жерлерде тәркіленуге жататын зат жоқ.