Қытаймен арадағы көлік тасымалы артады

Автокөлікпен тасымалдауға қатысты жаңа келісім Қытаймен арадағы алыс-берісті үдетіп, еліміздің логистикалық әлеуетін арттырмақ.

Көлік тасымалдаушылары одағының пайымынша, құжат Қазақстан арқылы транзиттік тасымалды 2-3 есеге ұлғайтуға сеп болады. Шығыстағы көршімен арадағы көлік қатынасы қазір қандай деңгейде? Жаңа келісім тасымалдаушылар үшін несімен тиімді?

Жетісу облысындағы кеден бекеттері арқылы өтетін көлік саны жыл санап артып келеді. Мәселен, екі жыл бұрын Қытай мен Қазақстан арасында тәулігіне орта есеппен 1600 көлік қатынаса, былтыр 2200-ден асқан. Биылдың өзінде тәулік сайын екі арада 2300 автомобиль қатынайды. 2022 жылы Алакөл ауданындағы Достық бекетін жаңғырту жұмысы қолға алынған. Қазір онда монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бақытнұр Бақытұлы, облыстық кәсіпкерлік және инновациялық-индустриялық даму басқармасының басшысы:

- Жобаның жалпы құны 15 млрд теңгені құрады. Жоба шеңберінде Алакөл кеден бекеті 6 жолаққа дейін кеңейтіледі. Өткізу қабілеті тәулігіне 8 ретке дейін, яғни 200 автокөліктен 1600 автокөлікке дейін ұлғайтылады. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы 2024 жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. 

Жетісу облысы

Арадағы автокөлік логистикасын дамытуға Қазақстан да, Қытай да мүдделі. Сондықтан қос мемлекет 1992 жылғы келісімді жаңартып, заман талабына сай өзгерту енгізуді көздеген.  Құжаттың ратификациялануы бірқатар мәселенің түйінін шешіп бермек, дейді көлік тасымалдаушылары одағының өкілі.

Талғат Есенгелді, Қазақстан көлік тасымалдаушылары одағының атқарушы директоры:

- Бұл жерде біріншіден жүк тасымалдаушылары өз жүктерін А нүктесінен Б нүктесіне тікелей жеткізгендіктен олардың пайдасы артады деген ойдамын. Өйткені оған дейін былай айтқанда жүкті жеткізу үшін екі тасымалдаушы қатынасқан болса, өйткені қазақ тасымалдаушысы шекараға дейін ары қарай Қытай азаматы өзінің точкасына дейін апарса мысалы, жүк тасымалдауға кеткен шығын былай бөлінетін болса, ол жаңағы табысын тікелей өзі ала алады. 

ГРАФИКА: Жалпы Қазақстан мен Қытай арасындағы тасымал көлеміне үңілсек пандемиядан кейін жағдайдың біршама оңалғанын байқауға болады. Былтыр арадағы көлік тасымалының көлемі 1 млн 800 мың тоннаны құраған. Ендігі меже – 2028 жылға қарай экспорт-импорт тасымалын 4 млн тоннаға жеткізу. Транзиттік тасымал көрсеткіші де осы шамалас. 2023 жылы 50 пайызға артып, 2 млн тоннадан асып жығылған. Алдағы төрт жылда 5 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Автокөлік тасымалына қатысты екі ел арасындағы келісімнің тағы бір тиімділігі қағазбастылықтың азаюы. Бұдан былай электронды форматтағы рұқсат қағазымен қатынауға мүмкіндік берілмек. Бұл ретте 30 күнге дейінгі визасыз режим тасымалдаушылардың жұмысын оңтайлатқанын айта кету керек.

Бақыт Топтаева, Шыңғыс Қалиден, Наурызбай Құрманғазы