Отандық өндірісті жолға қою арқылы өсімді қамтамасыз етуі тиіс нысандар тексерілді

Үкімет басшысы Алматы облысының көлік-логистикалық және өнеркәсіптік әлеуетімен де танысты.

Отандық өндірісті жолға қою арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейтін бірқатар нысан тексерілді. Мақсат – импортты алмастыру және экспортқа бағдарлау. «Қайрат» және «Даму» индустриялық аймақтарын кеңейту мәселесі қаралды. Өңірде өндіріс пен өнеркәсіптің даму қарқыны жоғары. Үкімет басшысы жобаларды табысты іске асыру үшін жетіспей тұрған коммуникацияларды жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Бұл жұмысты «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында аяқтау қажет. Жылына 500 мың контейнерді қабылдайтын Орталық Азиядағы алғашқы ірі индустриялық-логистикалық хабтың салынуы 3,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Индустриалды аймақта азық-түлік өнімдерін өндіретін бірнеше компания шоғырланған. Алдағы уақытта инвесторлар жаңа құс фабрикасын салуды көздейді. Сол арқылы қосымша жұмыс орындары пайда болады.

Серік Толықбаев, "Айтас" холдингінің басшысы:

- Алматы құс фабрикасы ол Жамбыл ауданында орналастырайық деп отырмыз негізгісін. Оның өндірісі, тауар өндірісі 240 мың тонна тауық етін өндіреді деп жоспарлап отырмыз. Оған 270 млрд.теңге қаражат қарастырып отырмыз.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мұндай маңызды жобаларды қолдаймыз. Азық-түлік қауіпсіздігі ерекше назарда. Біз негізгі азық-түлік түрімен өзімізді толық қамтамасыз етуіміз қажет. Нақты қолдау тетіктерін Экономика министрлігімен қарастырамыз.