Италия Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі
Италиялық компаниялар Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі, деп хабарлайды 24KZ.
Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Римге жұмыс сапарымен барып, ірі компаниялар басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.
Қазір Қазақстанда 300-ден астам италиялық компания жұмыс істеп жатыр. Олардың қатары артуы мүмкін. Бұған қазақ еліндегі бизнеске қолайлы жағдай мен Азия нарығына шығуға ыңғайлы мүмкіндік себеп. Басты стратегиялық серіктестердің бірі ретінде Италия негізінен энергетика және құрылыс саласына дендеп енген. Кездесуге ауыр өнеркәсіптен цифрлық технологияларға дейін айналысатын әртүрлі компаниялар келді.
Стефано Понтекорво, Leonardo компаниясының президенті:
- Қазақстан – барлық компаниялар үшін өте тұрақты және салмақты серіктес. Біз әдетте әлеуеті өте жоғары тұрақты нарық іздейміз. Осы тұрғыда Қазақстанға сеніміміз жоғары.
Сандро Малкори, PetrolValves Group компаниясының бас атқарушы директоры:
- Біз – жоғары инжинирингте шоқтығы биік өндірістік компаниямыз. Бізде өте мықты инженерлер, талантты мамандар жұмыс істейді. Сондықтан инжинирияны дамытуға үлкен үлес қосамыз деп сенемін.
Италиялық компаниялар Қазақстанда дамытқысы келетін жобалар арасында ауыл шаруашылығын басқару жүйесін жетілдіру, әуе-ғарыш технологиялары арқылы қазба байлықты игеру, жоғары технологиялық арматура өндірісін кеңейту, су ресурсын цифрлық басқару және тіпті бекіреден қара уылдырықты қауіпсіз тәсілмен алу бар.
Карла Сора, Agroittica компаниясының бас директоры:
- Қазақстан кейінгі жылдары өте мықты дамыды. Еуропа елдерімен тең дәрежеде ынтымақтаса алады. Сондықтан Қазақстан мен Италия арасындағы бұрыннан бар ынтымақтастықты одан әрі терең дамыту өте маңызды.
Маттиа Помпеи, Curator System компаниясының бас директоры:
- Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы көшбасшы. Сондықтан біз бірлесе жұмыс істеуге бел буып отырмыз. Сондай-ақ Қазақстан арқылы біз басқа елдермен де қажетті ақпаратты бөлісуге мүмкіндік аламыз.
Марко Беретта, Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының президенті:
- Шағын және орта бизнес үшін ең қолайлы бағыт – кәсіби дағдысы жоғары адамдардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудыру. Бір жағынан біз мұны Италияда қолөнер деп атаймыз. Бұған аяқ киім тігу, тауарлар мен қызметтер ұсынуды жатқызамыз. Әр қолөнерші Қазақстанда 2-3 жұмыс орнын құра алады.
Италия – Қазақстан экономикасы үшін ең белсенді инвесторлардың бірі. Бұрын бұл бағытта тек ірі компаниялар жұмыс істеп келсе, енді аталған іске шағын кәсіпорындар кірісуге мүдделі.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан.