Шымкенттік сүт өндірушілер субсидиясыз қалды

Шымкентте сүт өндірумен айналыстын шаруалар субсидияларын ала алмай отыр.

Мемлекеттің қолдау қаржысынан барлығы 30-дан аса қожалық қағылған. Салдарынан малмен жан баққан шағын 17 шаруашылық жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Айтуларынша, олардың өтініші онлайн платформада тіркелмей, кедергілер көбейіп кеткен.

Қала іргесіндегі мына қожалықтың иелері асыл тұқымды 300 бас сиыр ұстайды. Бірақ күнделікті сауыннан түсетін пайда жем-шөптен артылмай, шығынды ақтамай жатқанын айтады. Ал мемлекет тарапынан сүттің әр литріне берілетін субсидияны 8 айдан бері ала алмай келеді.

Қайрат Қаныбеков, шаруа қожалығының зоотехнигі:

- Негізі біз де субсидия алу мақсатында да асыл тұқымды малды алып келгенміз. Былай есептейтін болсақ 1 басқа 3,5 мың теңге кетеді бір күнде. Қазіргі уақытта біздің өткізіп жатқан сүтіміз 160-180 теңгеден өткізіп жатырмыз. Өзінің жеген жем-шөбін ақтамай жатыр.

Қалада 30-дан аса сүт фермасы субсидиядан қағылған. Мемлекеттік жеңілдікке өтініш берушілер бар кедергіні электронды порталдың жаңа ережелерімен байланыстырады. Себебі платформаның өзгертілген тәртібіне сәйкес кәсіпкерлердің ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлері болуға міндетті. Алайда осы кезде шаруалардың меншігіндегі егістік пен жайылымның санаты басқа болып шықты. Яғни қалаға мегаполис мәртебесі берілгенде жердің ендігі мақсаты «елді мекенге» ауыстырылған екен.

Жанна Жұмашева, шаруа қожалығының есепшісі:

- Қазіргі программа бойынша біздің кадастрды енгізсең де, ИИН, БИН-ді енгізсең де бізде жер жоқ болып шығап жатыр. Сондықтан жерің жоқ, соған сәйкес шарушалығың да жоқ. Ал жоқ нәрсеге субсидия қалай беріледі? Сондай қиындық туындап, біз 8 айдан бері субсидия ала алмаймыз сөздің шыны керек.

Жергілікті атқарушы билік шаруалардың субсидияға қатысты мәселесін жақсы біледі. Айтуларынша жер мәртебесіне қатысты қиындық болмаса қажетті қаражат бюджетте дайын тұр. Сондықтан биыл басқарма атынан салалық министрлікке ұсыныс хат жолданып, комиссиялық тексеру жүргізілген. Іс сапардың нәтижесінде қағидалар қайта қаралатын болған, дейді. Бірақ әлі нәтижесіз.

Талғат Мекенбаев, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының м. а:

- Біз өз кезегімізде министрлікке бірнеше хат жолдадық. Жуырда осы ауыл шаруашылық министрі Айдарбек мырза да келді. Бұл мәселелер айтылды шаруалар тарапынан. Сол қағидаға өзгеріс енгіземіз, қарастырып жатырмыз,-деді. Енді біз ойлаймыз шешілетін шығар бұл мәселе.

Бүгінгі таңда шаһарда 5 мыңнан астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. Былтыр олар 56 мың тонна сүт өндіріп, оның тең жартысын терең өңдеуге жөнелткен. Ал биыл жаңа тұжырымдаманың әсерінен тірліктері тұралап, өнім көлемі азайып кеткенін айтады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов